RU

«Мұндайды тек кинода көрдім»: Петропавл полициясы 3 сағаттың ішінде ұрлықты ашты

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ

Петропавлдық полицейлер үш сағаттың ішінде ұрлықтың бетін ашып, күдіктіні анықтағаны үшін қала тұрғынынан алғыс алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

СҚО ПД электрондық поштасына Петропавл тұрғынынан алғыс хат келіп түскен.

Әйел Сицилиядағы қызында қонақта болып, жарты жылдан кейін үйіне оралғанда пәтерінен сомасы 2 миллион теңгеден астам құнды заттар мен киім-кешектерінің жоғалғанын байқайды. Ол Петропавл қаласы ПБ Бірінші полиция бөліміне жүгінген, алайда істің нәтижелі болуына күмәнданған, өйткені ұрлық нақты қай уақытта жасалғаны белгісіз еді.

Тәртіп сақшылары үш сағаттан соң оған күдікті анықталғанын хабарлайды және ұрланған мүліктің табылған бөліктерін тануға шақырған.

«Бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов, оның орынбасары Талғат Смағұлов, тергеуші Светлана Балашова, криминалист Қайрат Шайпин мен менің мәселем бойынша жұмыс істеген басқа да қызметкерлерге жылдам әрі жедел атқарған істеріне алғыс білдіремін! Мен полицияның жұмысына тәнті болдым, мұндайды тек кинодан ғана көрген едім...», - дейді тұрғын.

Қазіргі уақытта, Бірінші полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Тілеген Әлжановтың айтуынша, ұрланған заттардың барлығына жуығы тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942110-mundaidy-tek-kinoda-kordim-petropavl-policiyasy-3-sagattyn-isinde-urlyqty-asty/