RU

"Жаны қиналып, қызын күтті": Туған қызын көре алмай, өмірден өткен келіншектің хикаясы елді жылатты

Алина Батурова
Алина Батурова: https://www.instagram.com/alina_baturova_pomosh/

Қордайлық азаматпен бас қосып, кейін ортақ қыздарын көре алмай, көз жұмған Алина Батурова жайлы әлеуметтік желі мен қырғызстандық БАҚ өкілдері белсенді түрде жазды. Алина кеудесіндегі қатерлі ісікпен күресіп, 28 қазан күні көз жұмды. Бүгінде Алинаның еміне көмек көрсету үшін ашылған парақшада марқұмның туыстары үндеу жасап, келіншектің сол күйі қызын көрмей, арманда кеткенін жазуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Бұл парақша өлім аузында жатқан Алинаның соңғы өтінішімен ашылды. Ол күйеуі мен оның туыстарына жанайқайын жеткізіп, қызын соңғы рет көруді жалынып сұрады. Алина марқұм болған соң да, біз әділетсіздіктерге шыдамай, парақшаны жапқан жоқпыз. Өйткені, Алинаның күйеуі мен енесі оның соңғы өтінішін қанша айтсақ да орындамады.

Қызын бір көру оның ең соңғы арманы еді. Алайда, олар өлім аузындағы адамның бір сөзін орындамай, анасына туған қызын көрсеткен жоқ", - деп жазды парақшаны жүргізушілер.

Сондай-ақ, БАҚ пен әлеуметтік желіде бұл жағдай жиі жарияланған соң, Алинаның енесі байланысқа шыққаны да айтылды.

"Енесі ұлымен сөйлесетінін айтып, бізге күте тұруды өтінді. Бірақ, өлім аузында жатқан адам күте алмайды. Алина оның заңды әйелі. Қатерлі дертке ұшыраған соң, Алина Бішкекте емделді. Оның еміне де ешкім көмектескен жоқ.

Дене қызуы көтеріліп, ауырып жүрсе де, ол онкологиялық ауруға шалдыққандарға арналған шеберханаға барып, қолмен іс тігіп, тірі қалу үшін барын салды. Ол Қордайға қызы үшін барып тұратын, ал ауруы меңдеп, жолға шығу мүмкін болмай қалған соң, олар бір мәрте де қызын Алинаға көрсетпеді", - деп жазылған әлеуметтік желіде.

Желідегі парақша авторларының жазуынша, Алина қордайлық Азаматтың 11-ші әйелі болған. Бірақ марқұм онысын кейін білген.

Айта кетелік, осыған дейін Алина Батурова қызын бір көруді армандап жүргенін жариялаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942128-en-songy-armany-edi-qyzyn-kore-almai-omirden-otken-kelinsektin-zaqyndary-undeu-zasady/