RU

Батпаққа батқан: Алматы облысында жоғалған бір үйдің үш адамының денесі табылды

Жол апаты
Фото: instagram.com/kris_p_tdk

Талдықорған маңында із-түзсіз жоғалғандар қатарында жүрген бір отбасының үш адамы өлі табылды. Қайғылы оқиғаның мән-жайын Алматы облысының полиция департаменті айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнында түсірілген кадрлар тарап жатыр. Автордың айтуынша, ішінде жоғалған бүтін бір отбасы мінген көлік Қаратал ауданынан табылған.

"Үштөбеге қарай тас жол бойындағы шалшықтан көлік табылды. Ауыр қайғы", - делінген жазбада.

Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, көлік салонынан Үштөбеден күндіз шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен үш адамның мәйіті табылған.

"15 қарашада Талдықорған полициясына Қаратал ауданының 27 жастағы тұрғынынан қоңырау түсті. Ер адам 14 қарашада ата-анасы мен қарындасы Skoda Superb көлігімен шығып, жоғалып кеткенін айтты.

Іздеу салынған көлік Талдықорған-Үштөбе тас жолынан аударылған күйде табылды. Алдын ала болжам бойынша рөлде 60 жастағы жүргізуші отырғаны анықталды. Ол тізгінге ие бола алмай, аударылуға жол берген. Жүргізуші мен оның жолаушылары (47 жастағы әйел мен 19 жастағы қыз) оқиға орнында қайтыс болды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жол-қозғалысы ережелерін бұзу) сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942292-batpaqqa-batqan-almaty-oblysynda-zogalgan-bir-uidin-us-adamynyn-denesi-tabyldy/