Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Айына 100 мың теңге несиесі бар": Қызылжарда қылмыстық іске қатысы бар деп тәркіленген көлік иелері бас көтерді

Опубликовано:

көліктер
Көрнекі фото: news.1777.ru

Қылмыстық іске қатысы бар деп тәркіленген көлік иелері Қызылжарда бас көтерді. Олар экономикалық тергеу департаментінің жұмысын сынға алды. Аталған мекеме жыл басында Ресейден Қазақстанға көліктерді заңсыз тасымалдаған қылмыстық топты құрықтап, олар әкелген 60 көлікті алып қойған. Артынша контрабандалық жолмен келген автомобильдерді тәркілей бастады. Жер сипап қалған жүргізушілер енді не істерін білмей дал, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Бес баланың әкесі Айдос Сұлтанов жылдың басында 5,5 миллион теңгеге Toyota көлігін сатып алған. Жарты ақшасын - несие рәсімдепті. Адам тасып, ақша тауып жүр едім дейді. Бірақ ұзаққа бармаған, жарты жылдан кейін көлігінен айырылып қалды. Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері темір тұлпардың елге заңсыз жолмен әкелінгенін айтып, материалдық айғақ ретінде тәркілеген.  

"Тамыз айында мені полицейлер тоқтатып, бұл көліктің іздеуде жүргенін айтты. Кейін көлікті алып кетті. Міне содан беріп көлігімді қайтармай жатыр, соттың шешімін тосыңыз дейді. Маған әлі бес жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден несие төлеу керек", - деді Айдос Сұлтанов.

Шеттен арзан көлік әкелгендер базынасын жеткізу үшін елдің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жиналды. Абайсызда опық жегендердің айтуынша, қылмыстық топтың кесірінен 1500-ға жуық адам жапа шекті. Алайда, құзырлы орган қылмыстық істе оларды жәбірленуші ретінде емес, куәгер ретінде қарастырып отырғанын түсіне алар емес.

"Егер тергеу бөлімі бізді жәбірленушілер ретінде қарастырса, онда біз көлікті сатқан кісіні сотқа беріп, одан өтемақыны талап ете аламыз. Ол көліктерді Қазақстанға заңсыз жолмен кіргізген біз емес. Бұл жігіттер темір тұлпарларды терлеп тапқан ақшасына сатып алды", - деді көкшетаулық Абылайхан Байғынбеков.

Ал экономикалық тергеу департаменті мамандары, бұл адамдар куәгер санатында қалатынын жеткізді.

"Қазақстан мен Ресей азаматтарынан құралған трансұлттық қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс бітуге жақын. Пысықайлар жапониялық темір тұлпарларды Ресей арқылы Қазақстанға автобөлшек ретінде кіргізіп, артынша жалған нөмірмен сатып отырған. Бұл көліктер қазір әлі де іздеуде жүр. Ал тәркіленген көліктерге қатысты нақты шешімді сот шығаратын болады", - деді СҚО экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Дулат Телекеев.

Қылмыстық іс әлі сотқа жолданған жоқ. Сондықтан процестің қашан басталатыны әзірге белгісіз. Айта кету керек, сала мамандары көлік иелерінің талап-арызын қабылдамаса, Жапонияның жүздеген қымбат көлігі арнайы алаңда жойылуы мүмкін. Ал, оның өтеуін кім өтейтіні белгісіз.

А. Құрманкин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1942328-aiyna-100-myn-tenge-nesiesi-bar-qyzylzarda-qylmystyq-iske-qatysy-bar-dep-tarkilengen-kolik-ieleri-bas-koterdi/

pixel