RU

Алексей Цой Pfizer вакцинасын ақылы түрде кімдер салдыра алатынын айтты

Вакцина
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстандықтарға Pfizer вакцинасын ақылы түрде салдыруға рұқсат берілді. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрі Алексей Цой процестің қалай жүретінін хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазір механизм жасалып, орны анықталуда. Бұл вакцинаны коммерциялық сегментте пайдалану үшін Қазақстанның барлық аймағын қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз. Мұның қазір тегін вакцина салдырып жатқан жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге қатысы жоқ. Қалғандардың барлығы, яғни екпе салуды халықаралық сапармен байланыстыратындар, осы вакцинаны алу мүмкіндігіне ие болады", - деді Цой.

Оның сөзінше, әзірге бұл қызметтің құны бекітілмеген.

"Бұл коммерциялық сегмент болғандықтан, бағасы анықталады. Мұнда белгілі бір деңгейде бәсекелестік бар. Біз жыл соңына дейін осы вакцина айналымға түседі деп жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін біз аймақтарға жеткізуді, оның қай жерде салынатынын шешеміз.

Мұнда температура талабын сақтау өте маңызды. Сол себепті қазір вакцина салынып жатқан, тоңазытқыш жабдықтары бар және халықты вакцинациялаудың белгілі бір талаптары сақталған нысандарда болуы мүмкін", - деді министр.

Оның айтуынша, Pfizer вакцинасының тапшылығы туындамайды, өйткені халықты ақылы иммундау препараттың қосымша жеткізілімі арқылы ұйымдастырылады.

"Барлық жеткізу тетіктері, құқықтық мәселелер пысықталды. Бұл өте үлкен жұмыс. Енді қосымша келісімдер арқылы кеңейте аламыз. Механизмнің өзі, сатып алу-жеткізу тетігі пысықталды. Бірінші партия келді, қазір бұл вакциналарды Қазақстанға апта сайын дерлік жеткізу жоспарлануда", - деді Цой.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942375-aleksei-coi-pfizer-vakcinasyn-aqyly-turde-kimder-saldyra-alatynyn-aitty/