RU

Атырауда шекара қызметінің сержанты жезөкшелерге "қамқорлық" көрсеткен

Аяқкиім мен кісен
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе гарнизоны әскери соты ҰҚК Атырау облысы бойынша шекара қызметі басқармасының қызметкері мен оның үш сыбайласына қатысты үкім шығарды. Сержант Өзбекстаннан келген жезөкшелерге "демеу" болған деп хабарлайды "Ақ Жайық".

Аға сержант Атырау әуежайының авиациялық шекаралық бақылау бөлімінде жұмыс істеген.

Былтыр қараша айында Атырауда Өзбекстан азаматшасы жезөкшелер притонын ашып, шекарашы оны өз "қамқорлығына" алған. Атырау базарларының бірінде зергерлік бұйымдар сататын әйел мен Өзбекстанның екі азаматшасы да притонның "құрылтайшысы" болыпты.

Жезөкшелерді Өзбекстанның түрлі қаласынан әкелген. Пандемияға байланысты Қазақстанның құрлық шекаралары жабылғанына қарамастан, қыздар шекарадан еш қиындықсыз өткен.

Аға сержант оларды жеткізуге көмектесіп қана қоймай, клиенттермен туындаған проблемаларды да реттеп отырғаны анықталды. Бұл үшін притон қожайындары оған тұрақты түрде белгілі бір ақшалай сома төлеп отырған.

Притон 2020 жылдың қарашасынан бастап, полиция анықтағанша, яғни 2021 жылдың ақпанына дейін жұмыс істеген.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты төртеуін де Қылмыстық кодекстің 309-бабы (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) бойынша кінәлі деп таныды.

ҰҚК ШҚ қызметкері 4 төрт жылға, Өзбекстан азаматшалары 3 жарым жылға, алтын бұйымдарын сатушы 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандар сот залында қамауға алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942417-atyrauda-sekara-qyzmetinin-serzanty-zezokselerge-qamqorlyq-korsetken/