Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үкімет үшін алған жоқпыз": СҚО-да тұратын 19 баласы бар ерлі-зайыпты туралы білесіз бе (фото)

Опубликовано:

Жанұя
Фото: Азаттық рухы

Еліміздегі ең көпбалалы отбасы Солтүстік Қазақстанда тұрады. Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаева 10 ұл мен 9 қыз тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыпты 12 баланы жетімдер үйінен асырап алған. Көпбалалы отбасы осылайша жабылғалы тұрған ауыл мектебін сақтап қалды. Енді Мағжан Жұмабаев ауданының Сулышоқ ауылында жаңа білім ошағы салынатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сулышоқта бар-жоғы 50 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаева 2017 жылы Солтүстік Қазақстанға "Еңбек" бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірінен қоныс аударған.

Оларға Жергілікті кәсіпкерлер 6 бөлмелі баспана алып берген. Гүлнұр бірден Сулышоқ мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. Дәл осы кезде тұрғындары жан-жаққа үдере көшіп, бала саны азайып кеткен білім ошағын жабу жөнінде шешім шығарылады. Мектеп жабылса, ауыл құритынын жақсы түсінген ерлі-зайыпты бұған жол бермеуді ұйғарады.

"Тұңғышымды босанғанда перзентханада тастанды балалар болды. Соларға қарап жүрегім сыздады. Кішкентай ғана шарананы шырылдатып қалай тастап кетуге болады? Үйге ана атанып, сәбиімді құшақтап келсем де, көңілім сол жетімектер үшін жабырқау болды. Күйеуім мен енеме сол балаларды асырап алуды өтіндім.

Алайда жолдасым ондай қадам жасауға дайын еместігін жеткізді. Мен оны түсіндім. Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілік. Бірақ жетімдер туралы ой мені мазалай берді. Екінші бала туғанда да үйге тастанды балаларды көріп оралдым. Тағы да асырап алғым келді. Сәті түспеді. Бәрі өз жөнімен. Енді міне 12 баланы бауырымызға басып отырмыз", - дейді Гүлнұр Ахаева.

жанұя
Фото: Азаттық рухы

Көп ұзамай көпбалалы ана білім ордасының басшысы қызметінен бас тарқан. Қазіргі уақытта қатардағы мұғалім. Мансап пен бала тәрбиесі арасында таңдау жасауға тура келгенде көп ойланбапты. Негізгі жұмысынан бөлек тігіншілікпен де айналысады. Бұны қыздарыма да үйретіп жүрмін, дейді Гүлнұр.

"Балалар үлкен өмірге аяқ басқанда өздері бір-бір мамандық иесі болса екен деймін. Өз нанын өзі тауып жеп, ешқандай жаман жолға түспесе біз үшін бақыт. Барлық ата-ананың тілегі ұрпағының тек жақсылығын көру ғой. Жолдасым екеуміз барынша еңбектеніп, ешкімнен кем қылғымыз келмейді", - дейді көпалалалы ана.

Үйдің тұңғышы 19-да болса, кенжесі 2 жасқа енді толды. Аға-әпкелері кішкентайларына қамқор. Тамақ пісірсе де, мал қайырса да ата-анасының жанынан табылады. 12 жастағы Юлияны Атырау қаласынан 3 жыл бұрын алып келген. Жаңа отбасына бірден сіңісіп кетті.

"Анам бізді тәртіпке, тазалыққа, ұқыптылыққа баулиды. Қандай да бір іс қолымыздан келмей жатса, сабырмен түсіндіреді. Әкем де бізге көп көмектеседі. Бәрінен ол кісімен бірге ойнаған сәттер қызықты. Мен өз әкем мен анамды жақсы көремін. Оларға алғысым шексіз. Осындай көп аға-бауыр, әпке-сіңлілерімнің барына қуаныштымын. Кез келген шаруаны әп-сәтте тындырамыз. Жазда бау-бақша егіп, оны күткен ұнайды. Есесіне күзде жемісін көреміз", - дейді Юлия.

Балалар отбасымен бірге демалғанды жақсы көреді. Бірақ жазғы каникул кезінде кезекпен қыдыруға тура келеді. Себебі барлығы бір көлікке сыймайды. Сондықтан ата-анасының арманы – шағын автобусқа ие болу. Әзірге көпбалалы отбасында оны сатып алатын мүмкіндік жоқ.

Отағасы Асхат Нүсіпов те балаларын қатардан қалдырмау үшін екі жұмысты қатар істеп жүр.  Ешкімге алақан жайғысы келмейді. Мақсаты – ұл-қыздарын жақсы адам етіп тәрбиелеу.

"Мен бұған дейін еңбек еткен ұжымда балалар үйінде тәрбиеленген жігіт болды. Тағдыры тым ауыр. Көрмеген қорлығы жоқ. Қорғансыз адамды өзгелер де қорлай береді екен. Басынан өткен талай жағдайды айтты. Содан кейін мен де жетім балаларды асырап алуға бекіндім. Қазір қарап отырсам әп-әдемі ұл-қыз болып өсіп кетеді. Ең бастысы жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек. Мен бұл балаларды үкімет үшін алған жоқпын, өзім үшін алдым. Қазір жергілікті шаруашылықта және мектепте жұмыс істеп жүрмін. Тұл жетімдер далада қалуы әбден мүмкін. Сондықтан әйелім екеуміз ойлана келе балаларды бауырымызға бастық. Мен үшін бәрі бірдей. Қазақи тәрбие беріп отырмыз", - дейді көпбалалы әке.

Мейірімді жандар бауырына басқан балалардың арасында түрлі этнос өкілдері бар. Барлығы қазақ мектебінде білім алып жүр. 1990 жылы салынған шағын ғана ғимарат балаларға тарлық ете бастаған.

"Бір ғана отбасы мектепті жабылудан аман алып қалды. Бұл әулет Сулышоқ ауылындағы үлгілі жанұялардың бірі. Балалары тәрбиелі, ұқыпты жүреді. Қазіргі мектеп ескі. Ғимараты шағын ғана. Бала саны көбейгендіктен ол жабылмайтын болды. Әйтпесе аудындық әкімдікте шешім қабылданып қойған болатын. Енді керісінше, жобалық-сметалық құжаттар дайындалды", - дейді Сулышоқ негізгі мектебінің директоры Дархан Шегебаев.

Кезінде жабылып қала жаздаған білім ошағында қазір оқушы саны көбейген, келер жылы Сулышоқ ауылында жаңа мектеп салынбақ.

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942422-ukimet-usin-algan-zoqpyz-sqo-da-turatyn-19-balasy-bar-erli-zaiypty-turaly-bilesiz-be-foto/

pixel