RU

Тоқаев: Бір сыныптағы балалардың саны 25-тен аспауы керек

кабинет
Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мектептерінде әр сыныпта бала санын 25-тен асырмау қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Президент сыныптардағы балалар саны шектен тыс көбейіп отырғанына баса назар аударды.

"Әр сыныптағы балалар саны шектен тыс көп. Негізі бір сыныптағы балалардың саны 25-тен аспауы керек. Осы стандарттың сақталуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Сонымен қатар мектептердің үлгілік жобасын әзірлеуді тапсырамын. Мектептің жалпы көлемі мен дизайны орын санына байланысты анықталуға тиіс. Мектеп 2500 балаға арналса, соған қарай инфрақұрылым да болуы керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысы өтті.

Отырыста президент берген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, аймақтық дамуға қатысты ұсыныстары қарастырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942464-qasym-zomart-toqaev-bir-synyptagy-balalardyn-sany-25-ten-aspauy-kerek/