RU

Қазақстандықтарға кепілдегі мүлкін өз бетінше сату құқығы берілуі мүмкін

Үй
Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесін қозғады. Президенттің айтуынша, төлемді кешіктіру салдарынан мүлкінен айыруға шешім қабылданған жағдайда, қазақстандықтарға банктің орнына кепілдегі мүлікті сату мүмкіндігі берілуі тиіс, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде 540 мың отандасымыздың қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқан, жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар.

Қарыз алушыға кепілдегі мүлкін сатуға 3 ай уақыт беріледі

"Қыркүйек айында Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Бұл қылмысты ақтауға болмайды. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, барлық даулы мәселе заң аясында шешілуге тиіс. Ешкімге өз еркімен жаза қолдануға рұқсат етілмейді", - дейді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, аталған жайт кепілдегі мүлік мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттілігін көрсетті.

"Екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатының икемділігін қамтамасыз ету және бағалау қызметін реттеуді күшейту қажет.

Қарыз алушыға мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылғанға дейін 3 ай ішінде және атқарушылық іс жүргізу шеңберінде қосымша 3 ай ішінде кепілдегі мүлкін өз бетінше сату құқығы берілуі тиіс. Егер мерзімі өткен берешектің мөлшері оның бағалау құнының 15 пайызынан аз болса, ал мерзімі өткен кезең 6 айдан аспаса, кепіл мүлкін өндіріп алуды шектеу керек", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кепілдегі мүлікті сатқаннан кейін қалған берешек есептен шығарылуы тиіс

"Егер қарыз алушының сатылған мүлкі негізгі борыш сомасын жаппаса, оның қалған берешегі есептен шығарылу тиіс, бұл ретте борышкердің басқа мүлкі болмауы керек және оның табысы ең төменгі жалақының екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет.

Аукциондық сауда-саттықтың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету қажет. Сауда-саттыққа қойылған кепілдегі мүлік бағалау құнының 70 пайызынан төмен бағаға сатылмауға тиіс. Мұндай сауда-саттыққа кепіл ұстаушыларды, яғни банктер мен олармен үлестес қызметкерлерді жіберуге болмайды", - дейді президент.

Мемлекет басшысы борышкер мен оның жақын туыстарына сауда-саттыққа бір уақытта қатысуына жол бермеу керек екенін де баса айтты.

Бағалаушыларға қойылатын талаптар күшейтіледі

"Бағалаушыларға қойылатын талапты қатаңдату керек. Олардың жұмыс тәжірибесі 3 жылдан кем болмауы қажет. Олар үш жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтуі тиіс.

Бағалаушылардың есеп беруін енгізіп, сенімсіз бағалаушылардың тізімін жасау қажет. Бағалау қызметіне лицензияны тоқтата тұру және тоқтату тәртібін қатаңдату керек. Лицензияны тоқтата тұру шағымдану құқығынсыз 3 жылға, ал тоқтату 5 жылға созылуы керек. Құқықбұзушылық қайталанған жағдайда бағалау қызметінен біржола айыру керек", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942491-endi-qazaqstandyqtar-kepildegi-mulkin-banktin-ornyna-ozi-sata-alady/