RU

Қызылорда облысында мал бағуға шыққан 11 жастағы бала табылмай жатыр

Жанарыс Дәулетбай
Жанарыс Дәулетбай. Фото: Қызылорда облысы ПД

Қызылорда облысында есеке мініп, қой бағуға кеткен жеткіншекке іздеу салынды. Жанарыс Дәулетбайдан бір күннен бері хабар жоқ, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құзырлы органның мәліметінше, 16 қараша күні таңғы сағат 09.10 шамасында Қазалы ауданы, Ажар ауылының 11 жастағы тұрғыны Жанарыс Дәулетбай есекпен ауылдан 10-15 шақырым жерде орналасқан жайылымға қарай бет алып, үйіне қайта оралмаған.

Жасөспірім 22 қарашада 12 жасқа толады.

Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері оны іздеуге кіріскен. Іздестіру шарасына сонымен қатар ауыл тұрғындары, жасөспірімнің туыстары, шекарашылар мен құтқарушылар қатысуда.

Жоғалған баланың белгілері: бойы 140-150 см, дене бітімі арық, шашы қара. Үстінде қызыл күртеше, сары шалбар, басында қара түсті баскиім, аяғында қыстық қара етік болған.

Іздестіру жұмыстары ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қиындай түскен.

Тәртіп сақшылары жасөспірімге қатысты қандай да бір ақпарат білетін жан болса, 102 немесе 8 (72438) 21-5-17, 8 702 884 68 88, 8 702 892 05 01 телефон нөмірлері арқылы хабарласуды сұрайды.

Қазіргі уақытта жеткіншекті іздеу жұмыстары жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942604-qyzylorda-oblysynda-mal-baguga-syqqan-11-zastagy-bala-tabylmai-zatyr/