RU

Павлодарда гараждан үш адамның мәйіті табылды

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Павлодар қаласында гаражда уланып көз жұмған үш адамның денесі табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция мәліметінше, қазан айында Павлодар қаласындағы Мир көшесінде орналасқан гаражда әйел мен екі ер адамның денесі табылған.

Сотқа дейінгі тергеу ерлі-зайыптылардың көлік жөндеумен айналысқанын, сол себепті гаражды жалға алғанын анықтап отыр.

Ерлі-зайыптылар жұмыс орнында болған кезде оларға отбасылық досы келгені белгілі болды.

Барлығы бірге гаражда ішімдік ішкен, суыта бастаған соң Mercedes Benz маркалы автокөлікті іске қосып, ұйықтап қалған.

Олардың мәйіттерін көрші гараждың жалға алушысы тапқан. Содан кейін полиция қызметкерлеріне жағдайды хабарлады.

"Гараждың іші автокөліктің газ құбырынан шыққан тұншықтырғыш газға толы болған. Жүргізілген сот-медициналық сараптамаларға сәйкес, үш адамның өлімі улы газбен улану салдарынан болған", – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Тәртіп сақшысы Гагарин көшесінде орналасқан гараж кооперативінің боксындағы ер адам да осындай қайғылы өліммен көз жұмғанын жеткізді.

Айта кетейік, мәйіттер табылған кезде гараждағы көліктер жұмыс істеп тұрған .

"Кез келген көлік жүргізушісі қауіпсіздік шараларын байыппен қабылдауға міндетті. Газбен уланудың алдын алу үшін жүргізушілер көліктің газ шығару жүйелерінің жұмысқа жарамдылығын, олардың герметикалығын ұдайы тексеріп отыруы тиіс", - деді Рашад Өтеуов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942648-pavlodarda-garazdan-us-adamnyn-maiiti-tabyldy/