RU

"Сізді аңдып жүр": СҚО-да алаяқтар жергілікті тұрғынды 10 млн теңге несие алуға көндірген

ұялы
Көрнекі фото: pixabay.com

Петропавл тұрғыны өзін банктің "қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін" деп таныстырған адамға оңбай алданып қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Петропавл тұрғыны полицияға жүгініп, өзін бәзбіреулердің алдап-соққанын айтқан. Сөзінше, оған банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып, атына біреудің несие рәсімдеп жатқанын хабарлаған.

Қаскөй мұның алдын алу үшін несие лимитін таңдау керек екенін айтқан. Алаяққа сенген ер адам әртүрлі банктен 10 млн теңгеге несие рәсімдеп жіберген.

Кейін ақшаны алаяқтың нұсқауымен қосалқы шотқа аударған. Осыдан кейін қаражат бірден жоқ болып кеткен.

Петропавл полиция басқармасы екінші бөлімінің басшысы Руслан Сыздықовтың айтуынша, жәбірленуші алаяқтардың осындай айла қолданатынын білген. Алайда өзі мұндайға тап боламын деп ойламаған.

Алаяқтар ер адамды әлдекімдердің оның әрбір қадамын аңдып отырғанына, телефонын тыңдап, кез келген сәтте жаңа несие рәсімдеп жіберетініне сендірген.

Руслан Сыздықовтың сөзінше, психологиялық қысым көрсету әдістері әртүрлі, бірақ олардың бәрі жәбірленушілерді асығыс, тез арада шешім қабылдау керек деп сендіріп, ойлануға уақыт бермейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942881-sizdi-andyp-zur-sqo-da-alayaqtar-zergilikti-turgyndy-10-mln-tenge-nesie-aluga-kondirgen/