RU

"Жүкті екенін білмеген": Түркістан облысында құбырдан нәрестенің өлі денесі табылды

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: fireStock

Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылында құбырдан жаңа туған сәбидің денесі табылды. Бұл туралы Отырар арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлады.

16 қараша күні полицияға канализацияда нәрестенің өлі денесі жатқаны туралы хабарлама келеді.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, куәгерлерден сұрастыру арқылы босанған әйелді тапты. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Жас қыздың айтуынша, ол өзінің аяғы ауыр екенін білмеген. Ал дәретханаға барған кезде ішінен бірдеңе түсіп қалғандай әсерде болған.

Кейін бала босанған келіншектің психикалық ауруға ұшырағаны, оның арнайы тізімде тұратыны және емделіп жүргені анықталды. Тергеу барысында полицейлер қыздың сексуалды қысымға тап болуы мүмкін екенін ескеріп, зерттеу жүргізді.

Нәтижесінде, қыздың жігіті бары белгілі болды. Ол сүйіктісінің ауыратынына қарамастан, онымен ресми түрде некелеспекші.

Сондай-ақ, нәрестенің уақытынан бұрын өлі күйінде туылғаны анықталды. Осыған қарамастан, полиция жаңа туған сәбиді өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943089-zukti-ekenin-bilmegen-turkistan-oblysynda-qubyrdan-narestenin-oli-denesi-tabyldy/