Бас мүфти Шортандыдағы қаралы үйде болып, марқұмдардың рухына Құран аятын бағыштады (фото)

Опубликовано:

Наурызбай қажы Тағанұлы
Фото: ҚМДБ баспасөз қызметі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақмола облысы Шортанды кентінде газ баллонының жарылуынан қаза тапқан марқұмдардың шаңырағында болып, олардың рухына Құран аятын бағыштады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі мүфтияттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас мүфти марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, сабырға шақырды.

"Расында, адам баласы жаратылған сәттен бастап түрлі сынақтарды бастан кешіп келеді. Әрине, халқымыз айтқандай, "тас түскен жеріне ауыр". Болған іске болаттай берік болайық. Апат айтып келмейді. Ажалға амал жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы қайғыларыңызға ортақ. Еліміздегі мұсылман қауымы да марқұмдарға Жаратқаннан жарылқау тілеуде. Біз сіздерге әрқашан көмек беруге дайынбыз. Алла Тағала бұл сынақтың соңын жақсылыққа алмастырғай. Ауруханада ауыр хәлде жатқан жандардың дертіне Алла шипа берсін", - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Наурызбай қажы Тағанұлы
Фото: ҚМДБ баспасөз қызметі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайғылы жағдайға байланысты марқұмдардың отбасына қаржылай көмек көрсетті. 

Шортанды
Фото: ҚМДБ баспасөз қызметі

Еске сала кетейік, 16 қарашада Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, үш пәтерлі баспана отқа оранған болатын. Оқыс оқиғадан 3 адам көз жұмып, 11 адам түрлі дене жарақатын алды.

Зардап шеккендердің дені балалар. Кейін олардың жағдайы белгілі болды.

Қазір аталмыш факті бойынша, "Өрт қауіпсіздігін сақтамау" бабымен қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, апатқа толтырылған газ баллонын суықтан ішке кіргізіп, жылыту үшін пешке жақындатып қойғаны себеп болуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943160-bas-mufti-sortandydagy-qaraly-uide-bolyp-marqumdardyn-ruxyna-quran-ayatyn-bagystady-foto/