RU

Алаяқтар қазақстандықтарға жоғалған жеке куәліктері арқылы несие рәсімдеген

Жеке куәлік
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Ішкі істер министрлігінде өткен онлайн-брифингте Семейде ұсталған алаяқ туралы хабарлады. Ол басқа адамдарға жоғалған құжаттары арқылы несие рәсімдеп жіберген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

ІІМ криминалдық полиия департаменті басшысының орынбасары Қанат Нұрмағамбетовтың хабарлауынша, "Хай-тэк" жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу кезінде интернет алаяқтыққа қатысы бар 440 қылмыс ашылған.

"Атырау облысы ПД қызметкерлері әлеуметтік желіден құжаттардың жоғалғаны туралы хабарландыруларды тауып, сол арқылы шағын несие алуға өтініш берген Семей тұрғынын ұстады.

Азаматтар несие төлеу мерзімі өтіп кеткені туралы хабарлама келгенге дейін өздеріне шағын несие рәсімделгенін білмеген. Қазіргі уақытта 10 млн теңгеден астам шығын келген 320 адам анықталды", - деді спикер.

Тағы бір жаппай алаяқтық дерегі Павлодар облысында тіркелген. Жергілікті тұрғын сайттарға арзан бағамен пәтер жалға беремін деп хабарландырулар ілген.

"Ықтимал клиенттермен сөйлескеннен кейін алаяқ алғытөлемді әртүрлі шоттарға аударуды өтініп, ақшаны алған соң нөмірін сөндіріп, хабарландыруды өшіріп отырған. Қазіргі уақытта күдіктінің 30 қылмысқа қатысы бары анықталды. Келтірілген шығын 800 мың теңгеден асып жығылады", - деді полиция.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943300-alayaqtar-qazaqstandyqtarga-zogalgan-zeke-kualikteri-arqyly-nesie-rasimdegen/