RU

Шортандыдағы жарылыс: Қаза тапқандар саны бес адамға жетті

ауруханада
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шортандыдағы жарылыстан қайтыс болғандар саны бес адамға жетті. Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарылыстан зардап шегіп, жансақтау бөлімінде жатқан 10 жасар қыз бала көз жұмған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Бала елорда ауруханасына аса ауыр жағдайда жеткізілді және дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Денесінің 60 пайызын күйік шалған. Қыз бала комада жатты. Сондай-ақ, ода аса ауыр деңгейде күйік шогы болды", - дейді Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасынан.

Жүргізілген ем-домға қарамастан, пациентті құтқару мүмкін болмаған.

"22 қарашада сағат кешкі 11-де баланың жүрегі тоқтап қалды. Реанимациялық іс-шаралардың жүргізілгеніне қарамастан жүрек қызметін қалпына келтіру мүмкін болмады. Марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз", - деп қосты ведомство.

Еске сала кетейік, 16 қарашада Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, үш пәтерлі баспана отқа оранған болатын. Салдарынан үш адам көз жұмып, 11 адам түрлі дене жарақатын алды.

Кейінірек, жарылыстан зардап шеккен 11 жастағы спортшының да ауруханада көз жұмғаны белгілі болды.

Қазір аталмыш факті бойынша "Өрт қауіпсіздігін сақтамау" бабымен қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, апатқа толтырылған газ баллонын суықтан ішке кіргізіп, жылыту үшін пешке жақындатып қойғаны себеп болуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943474-sortandydagy-zarylys-qaza-tapqandar-sany-bes-adamga-zetti/