RU

Нұр-Сұлтандағы сауда ойын-сауық орталығында бойжеткен қайтыс болды

Сауда орталығы
Көрнекі фото: pixabay.com

Нұр-Сұлтандағы сауда ойын-сауық орталығында бойжеткен көз жұмды. Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қайғылы оқиға Mega Silk Way орталығында болған.

Куәгерлердің Qumash Telegram каналына айтуынша, қыз бірден еденген құлап, құрысқағы ұстап, көгере бастаған.

Оған жақын маңдағы дәмханалардың қызметкерлері, кезекші дәрігер көмек көрсетуге тырысқан. Сол мезетте жедел жәрдем бригадасы да келген.

Алайда бойжеткенді аман алып қалу мүмкін болмаған. Кейбір деректерге сәйкес, ол сауда ойын-сауық орталығының күзет қызметінде жұмыс істеген.

Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, марқұм 28 жаста болған.

"Жедел жәрдем бригадасы келген кезде оның жүрек қағысы естілмеген. Куәгерлердің сөзінше, 1992 жылы туған қыз аяқ астынан есін жоғалтып, құрыса бастаған. Куәгерлер сауда орталығындағы медициналық пункттің қызметкерлерін шақырып, реанимациялық шараларды жасаған. Алайда еш нәтиже болмаған", - дейді ведомстводан.

Сонымен бірге, астананың полиция департаменті де болған жайтқа қатысты пікір білдірді.

"22 қарашада сағат 21:31-де 102 арнасына жедел жәрдем бригадасынан Mega Silk Way сауда ойын-сауық орталығында 28 жастағы қыздың қайтыс болғаны жайлы қоңырау түсті. Аталған факті бойынша Есіл ауданының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу бастады. Сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатыр", - дейді полициядан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943503-nur-sultandagy-sauda-oiyn-sauyq-ortalygynda-boizetken-qaitys-boldy/