Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясы Сыр өңірінде болды

Опубликовано:

Көне тарих сүрлеуі Сырда жатыр
Фото: syrboyi.kz

«Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясы Сыр бойына келіп жетті. Тарих тәбәрігін түгендеуге арналған сапарымыз дүние тылсымын қобыз сарынынан іздеген түгел түркіге ортақ тұлға Қорқыт ата жатқан топырақтан басталды. Экспедиция құрамында облыстық ішкі саясат бөлімінің мамандары, «Сыр бойы» газеті, «Qyzylorda» телеарнасының тілшілері болды. Әр нысанда аудандардағы жергілікті өлкетанушылар мен тарихшылар қатарымызды толықтырып отырды, деп хабарлайды syrboyi.kz.

Желмаясын желдіріп, жаһан кезген

Сыр бойында өзі іздеген мәңгілік өмір мәнін өлмес өнерден тапқан Қорқыт баба жайлы аңыз, әфсана көп. Сонау ерте заманнан керуен тартып бүгінге жеткен бағзы мұра – жыраулық өнер бастауын осы қобыз атасынан алады. 

Он тоғызыншы ғасырдың екінші бөлігінде Сырдария қазақтарының өмі­рінен этнографиялық материалдар жи­наған белгілі ғалым Әбубәкір Диваев дария суы шайып, жойылуға айналған Қорқыт мазарын алғаш болып суретке түсіргендердің бірі. Жергілікті биліктен тарихи сәулет өнерінің белгісі саналатын зиратты қорғауға алуды сұраған да осы ғалым.

Бірақ ескерткіш 1925 жылдан опырыла бастап, өткен ғасырдың ортасына таман толығымен жойылған. Исламға дейінгі түрік сәулет құрылысы үлгісімен салынған нысаннан сәл бері күре жолға жақын салынған қазіргі кешен 1980 жылы бой көтерді. Жол үстіндегі жолаушының көзіне алыстан шалынатын ескерткіш авторы сәулетші Бек Ибраев болса, келушілерге анық естілетін қобыздың қоңыр үнін стелла ортасына 40 түтік орнату арқылы физик-акустик Совет Исатаев ойлап тапқан.

Екімыңыншы жылдардың басында ­кешенде музей ашылып, оғыздар дәуі­рінен хабар беретін жәдігерлер жи­нақталды.

"Қазір музейде Қорқыт өмір сүр­ген Жанкент қаласынан, сақтар мекені Шірік-Рабаттан табылған жәдігерлер тұр. Қазба жұмыстары кезінде асарлардан шыққан біраз мүлік те осында. Мынау сақтар заманындағы адамның антропологиялық бейнесін атақты ғалым Михаил Герасимов жасаған. Садақтың кірісі білекті қажамас үшін жасалған барыс бейнелі мына жарақ та көне қалалар орнынан табылған құндылық", – дейді музей қызметкері Мағауия Әлиев.

Соңғы жаңғырту жұмыстарында мұнда 18 тақ­татас қойылыпты. Болашақта оларға түр­к­ітілдес халықтар тілінде Қор­қыт нақыл­дары таңбаланбақ. Баба мұра­сын ұлықтау мақсатында 3 жылда бір өтетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» ат­ты халықаралық өнер фестивалі осы ке­шеннің 2 мың адам сиятын амфитеатрынан бастау алады.

Адамзат тарихында айрықша із қал­дырған түркі жұртына ортақ тұлғаның мұра­сын құрмет тұту бағытындағы бастамалар ізсіз кеткен жоқ. Осыдан 3 жыл бұрын Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық коми­тетінің отырысында Қорқыт ата мұралары тізімге алынды.

 Соңғы жылдар бедерінде өңірдегі көне қалалар біршама зерттелді. Қазақстанның ортағасырлық кезеңінен дерек беретін Жанкент қалашығын «Халықаралық Жанкент археологиялық экспедициясы» зерттеп келді.

Археолог, тарихшы, остеолог, топырақтанушы, архитектор, геофизик секілді ғалымдардан құралған экспедиция жұмысының нәтижесінде қалашық аумағында аспанасты музейі ұйымдастырылды. Бұл бағытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті­нің тарих ғылымдарының кандидаты Әзіл­хан Тәжекеев жетекшілік ететін «Археоло­гия және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы мамандарының айрықша қыз­мет еткенін айта кеткен жөн.

Қазба арқылы көне қаладағы кейбір үйлердің орны қалпына келтіріліп, ежелгі кейпін қайта тапты. Үй тұрғындарының мүсіндері пайда болды. Көне шаһардағы үй-жайлардың, бөлмелердің жақсы сақ­талғандығы келешекте қалашық аума­­ғында археологиялық парк қалып­тас­тыруға мүмкіндік береді.

Екімыңыншы жылдардан бері ға­лымдар оғыздар мекендеген тағы бір қала­шықты құм астынан аршып ал­ды. Жосалы кентіне жақын аумақтан анық­талған қала орнын зерттеген мамандар қалашықтар тобына Ордазы деген атау беріп отыр. Аралары небәрі бір шақырымдай үш қалашықтың бір жер­де орналасуы мұнда үлкен орталық бол­ғандығын көрсетеді. Сапар барысында ғалымдар оғыз мемлекетінің кіші ордасы болуы мүмкін деп болжам жасаған осы көне қалалар орнында да болдық. 2017 жылы басталған архелогиялық қазба жұ­мыстары 3 жыл тоқтаусыз жүргізіліпті.

"Ескерткіштің батыс қабырғасы­ның 80, оңтүстік бетінің 70 метрі ғана сақталған. Солтүстік, шы­ғыс қабырғаларын толығымен арнасы ауысқан дария су шайып, құнды қазына қайраңға айналып кеткен. Кешіге берсек, оғыз дәуірінің баға жетпес мұралары толығымен су астына кеткелі тұр", – дейді аудандық тарихи-өлке­тану мұражайының ғылыми қызметке­рі Әзірбек Бақтыбаев.

Топырақ қабаты мен табылған жәді­герлерге қарап мамандар VIII-X ғасыр­ларда болған деп отырған Ордазы Қорқыт ата қорымына ең жақын қалашықтар тобы. Қорқыт ата кешені – Жосалы – Сор­төбе бағыттары бойынша туристік мар­шрут енгізілсе, көненің көзі көпші­лік­тің көзайымына айналар еді. Қала­­шықтағы археологиялық қазба жұмыс­та­ры арқасында Қорқыт баба зама­нын­дағы ха­лықтың тұрғын үйлері, тұрмыс-тір­ші­лігінен хабар беретін мәлімет молая түсті.

Зерттеуде мамандар жаратылыстану ғылымдарының әдістерін де кеңі­нен қолданған Литваның Вильнюс универ­ситеті зертханасына жіберілген сарапта­малар ескерткіштің нақты мерзімін анық­тауға мүмкіндік берді. Ал қалашық ма­ңындағы қорымнан табылған адамның қаң­қасы Алматыда орналасқан Жалпы генетика және цитология институтының популяциялық генетика зертханасында зерттелуде.

Көкілташтың көшірмесі

Бұл күнгі сапарымыз Сыр бойында­ғы ахундар мектебінің көрнекті өкілі Қалжан ахун медресесінде күрмелді. Хиуа қаласында 1862 жылы өмірге кел­ген Қалжан Бұқарадағы әйгілі Көкілташ­та оқиды. Орта Азиядағы іргелі оқу орнын жиырма жеті жасында тәмамдаған ол шариғат және заң саласына қоса философия, астрономия, математика, био­логия ғылымдарын тауыса оқып, шаруа­шылық басқару ісін игеріп шығады.

Ораз ахунның шақыртуымен Сырға келген Қалжанның балаларды оқытумен қатар өзен жағалауына бау-бақша егіп, жұртты отырықшылыққа баулыған еңбегі әлі ел аузында жүр.

Қалжан ахун салдырған бұл ғимарат оңтүстік өңірде Әппақ ишан, Қар-нақ мед­реселерінен кейінгі білімге сусаған елдің көзін ашқан, рухани орталық бол­ған. Әйгілі Көкілташтың үлгісі бойын­ша салынған медресе құрылысы 1902 жылдан бастау алады. Жобасы Бұқа­ра­да жасалған ғимаратты салуға жұрт жұ­мылыпты. Құрылыс ахунның қайтыс болғанынан кейін 6 жыл өткенде, яғни 1922 жылы толық аяқталады.

Тоқсаныншы жылдардың басында мед­ресе ауласын қоршалып, дүркін-дүркін жүргізілген реставрациялық жұ­мыстар нәтижесінде құлауға айналған құн­ды ғимарат біршама қалыпқа келді. Ендігі мәселе оның іргесіндегі ахунның мазарына мән беруде болып тұр. 1916 жылдың жазында Жалағашта ораза ке­зінде сәжде үстінде үзілген ахунды жұрт көтеріп әкеліп, медресе жанындағы өзі сал­дырған мешіт ауласына жерлейді.

Қазір сол қорым қараусыз тұр. Бар өмірін Қалжандай қайраткердің өмірін зерттеуге арнаған жергілікті өлкетанушы Жәні­бек Маханбетов ғұламаның мәңгілік ме­кенін іздеп келгендердің көбі осы көрі­ніске қынжылып кететінін айтады. Мед­ресе мен қорым аясындағы жалғыз аяқ жол­ды дұрыстау туралы да мәселе көтеріл­генімен әлі шешімін таба қойған жоқ.

«О, Сығанақ, қақпаларыңның шаңын сүйіп жылар ем…

Топырағын түртіп қалсаң көне заман­ның бір беті ашыла кететін Жаңақорған ауданында републикалық маңызы бар 6 тарихи орын бар. Солардың басында ғалымдар VI-XVIII ғасырлар аралығында гүл жайнаған қала болған деген байлам жасаған Сығанақ тұр. Өз заманындағы озық орталық болған шаһар бір емес, бірнеше рет күйреген. Бірақ ежелгі аңыз­дағы күлден жаратылатын феникс құстай қайта бой тіктеп отырыпты. Қай кезең деректерінде де Сығанақ тыныш өмірдің, береке мен байлықтың бесігі ретінде суреттеледі. Осы қалада он үшін­ші ғасыр­да өмір сүрген Шамсудин Сығнақи жазды дейтін:

«О, Сығанақ,

Қақпаларыңның шаңын

сүйіп жылар ем,

Қайта тусам,

Сығанақта туар ем», –

деген өлең жолы да шежірелі шаһардың шадыман келбетін көз алдыңа әкеледі. Баяғы деректерде аты бар қала орнына 1868 жылы алғашқы барлау жұмыстарын жасаған ғалым П.И.Лерх. Одан біраз кейін Археология әуесқойларының Түр­кістан үйірмесінің белсенді мүшесі, генерал-майор В.А.Каллаурдың Сығанақ қаласы туралы еңбегі жарық көреді. Қала туралы мәліметтер мен біршама сақталған ғимараттар сұлбасы А.Якубовскийдің еңбектерінде де кездеседі. 1947 жылы көрнекті ғалым А.Н.Бернштам жетекшілік еткен Оңтүстік Қазақстан экспедициясы қаланы зерттеуге кіріседі. Осы топ құрамындағы Е.Агеева, Г.Пацевичтер қала іргесі ІV-V ғасырларда қаланған де­ген болжам жасайды. Өткен ғасырдың 70-жылдары қалаға топографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген Отырар археологиялық экспедициясының мамандары ортағасырлық шаһар Дешті Қыпшақ даласындағы Отырардан кейінгі атақты екінші қала болған деген байламға келеді.

Тәуелсіздіктен кейінгі зерттеу жұ­мыс­тары Елбасы бастамашы болған «Мәде­ни мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілді. 2003 жылдан бастап қа­лаға ғалым Сейдін Жолдасбековтің же­тек­шілігімен Қ.А.Ясауи атын­дағы ха­лық­­аралық Қазақ-Түрік универ­сите­тінің «Археология» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы­ның археологтары қазба жұмыс­тарын жүргізуде.

 Бізді осы шаһар орнынан Жаңақор­ған аудандық өлкетану музейінің мамандары, тарих тәбәрігіне жанашыр жер­гілікті тұрғындар күтіп алды. Аудан­дық өлкетану музейінің қызметкері Бақ­дәу­лет Тәждинов Сыр бойындағы 4-5 ша­һар­да ғана теңге сарайы болғанын айтады. Соның бірі осы Сығанақ. Шаһар­да 1320 жылдары соғылған теңгелер Санкт-Петербургтегі Эрмитажда тұр. Жер­гілікті нумизматтардың да қолында жи­­нақталған біраз құнды дүниелер бар.

Ежелгі Қыпшақ мемлекетінің орталығы болған қала Жошы хан жорығынан кейін күйреп, ұзақ уақыттан кейін қайта жандана бастайды. Кейіннен Ақ Орданың астанасына айналған шаһардың бәз-баяғы дәурені қайта оралғандай болады. Қаланың Орда Ежен, Ерзен хан, Мүбәрак қожа хан мен Ұрыс хан тұсында гүлдене түскені туралы дерек көп. Сығанақ бізге Қазақ хандығының алғашқы астанасы ретінде де қымбат.

Біз барғанда Қожа Ахмет Ясауи атын­­дағы халықаралық Қазақ-Түрік уни­верситеті Археология ғылыми-зерт­теу инс­титутының мамандары қаз­ба жұ­мыс­тарын жүргізіп жатыр екен. Же­текші археолог, PhD доктор Бақдәулет Сыз­дықов 20 жылға жуық зерттеудің нәти­жесінде шаһардың мәдени қабаттары бел­гіленіп, ғылыми айналымға енгізілгенін айтады.

"Тарихқа болжам жүрмейтінін бі­ле­сіздер ғой. Табылған жәдігерлерге қа­рап, қала ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ға­сыр­дың басында пайда болған деп отыр­мыз. Шаһар «жасы» одан да әрі­ден басталуы мүмкін", – дейді ол.

Ел ішінде тарихты түгендеп жүретін, өткеннен өнеге терген жұрт көп екен. Экспедиция барысында соған көзіміз жетіп, көңіл тоғайды. Сапарды осы арадан түйіндеп, Түркістан облысының шекарасына бет алдық. Қос облыстың түйіскен жеріндегі ежелгі Сауран қала­сының тұсында бізді халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сый­лық­тарының лауреаты, танымал жазушы Мархабат Байғұт, К.Симонов атында­ғы халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Нармахан Бегалиев, Сауран ауда­нының әкімі Ғани Рысбеков пен Түркістан облыстық қоғамдық даму бас­қармасы басшысының орынбасары Дінмұхамед Жақыпбеков, республика­лық «Egemen Qazaqstan» газетінің Түркіс­тан облысындағы тілшісі Ғалымжан Ел­шібай бастаған топ қарсы алды. Дәстүрге сай дәм-тұз ұсынып, жазушы Мархабат Байғұт біздің топқа «Түркілер төрі Түркіс­тан» кітабын тарту етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943702-atameken-aqparattyq-tanymdyq-ekspediciyasy-syr-onirinde-boldy/

pixel