Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Энрике Иглесиастың әнін ерекше орындаған оралдық жігіт бір күнде "жұлдызға" айналды

Опубликовано:

Медет
Фото: instagram/medetutegenov

Әйгілі испаниялық әнші Энрике Иглесиастың "Ring my bells" әнін орындап, көптің көңілінен шыққан Медет Өтегеновтің танымалдылығы күннен күнге артып келеді. Ол алдағы жоспары мен арманы туралы Express Qazaqstan басылымына айтып берді.

Медеттің жасы 30-да. Ол - Атыраудағы мұнай компанияларының бірінде қарапайым жұмысшы. Медет Иглесиастың хит әнін өзінше орындап шыққан соң, досы бұл видеоны TikTok-та жариялауға кеңес берген.

"Манарбек деген досымның айтуымен видеоны әлеуметтік желіге салдым. Басында салғым келмеді, ұялдым. Бірақ кейін ойлана келе видеоны қызық үшін жариялай салдым", - дейді ол.

Медет енді үлкен сахнаға шығып, кәсіби әнші болғысы келетінін де жасырмады. Шоу-бизнесте жұлдызын жағатын продюсер кездессе, қазірдің өзінде жұмысын тастауға әзір.

"Менің мақсатым үлкен сахнаға шығып, ән салу. Оның үстіне халық барынша қолдап жатыр. Өнерімді бағалайтын продюсермен жұмыс істеуге қарсы емеспін. Бірақ ән салып жүргенде, отбасым аш қалмауы керек", - дейді өнерлі жігіт.

Бірнеше жыл бұрын шаңырақ көтерген Медеттің 3 қыз, бір ұлы бар.

"Бала кезімнен өнерге жақынмын. Әкем де, анам да өнерден кенде емес. Кішігірім той-томалақта анам ән салатын. Студент кезімде Энрике Иглесиастың шығармашылығына қатты қызықтым. Оның репертуарындағы әндерін жатқа білемін. Алғаш рет поп-әншінің "Hero" атты әнін жаттап алып, оның дауысын айнытпай салуға тырыстым. Нәтижесі жаман емес. Бірақ көп дайындалдым", - дейді Медет.

Медет Орал қаласындағы қаржы-экономикалық колледжін тәмамдаған. Мамандығы қаржыгер. Алайда мамандығы бойынша жұмыс таппаған соң, мұнай компаниясына қарапайым жұмысшы болып орналасқан.

"Вахтада жетінші жыл жұмыс істеймін. Үйде де, жұмыста да ән айтып жүремін. Ән салсам көңілім көтеріледі", - дейді ол.

Ал белгілі композитор әрі продюсер Ұлықпан Жолдасов оралдық жігіттің өнерін жоғары бағалап отыр.

"Дауысы жақсы, қатты ұнады. Өзіне тән ерекшелік бар. Бірақ, көп еңбектену керек. Әнші болу оңай емес. Десе де бір әнмен "жұлдыз" атанып жүргендер қаншама. Мен Медеттен жақсы әнші шығатынына сенімдімін", - дейді Ұлықпан Жолдасов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1943747-enrike-iglesiastyn-anin-erekse-oryndagan-oraldyq-zigit-bir-kunde-zuldyzga-ainaldy-video/

pixel