RU

Қарағандыда екі қыз өздеріне ескерту жасаған әйелді ұрып кетті

төбелес 12
Көрнекі фото: pixabay.com

Қарағандыда 21 және 22 жастағы екі қыз 39 жастағы әйелді ұрып кеткен. Бойжеткендердің мұндай қадамға баруына келіншектің ескерту жасауы себеп болған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түнгі уақытта полицияға көппәтерлі үйлердің бірінің подъезінде жанжал болып жатқаны туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына бірнеше минуттан кейін тәртіп сақшылары келген.

Полиция қызметкерлері түн болып кеткеніне қарамастан екі қыздың тыныштық бұзғанын анықтаған.

Пәтерінен шыққан 39 жастағы тұрғын оларға ескерту жасапты. Ал қыздар жауап ретінде әйелді соққыға жығып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Жәбірленуші әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Полицейлер жедел түрде 21 және 22 жастағы екі қызды қолға түсірген. Олар кінәсын мойындаған.

Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Павлодар облысында әйел адам "Ауыл әйелі күні" байқауының жеңімпазы мен оның құрбысын соққыға жыққанын жазған едік.

Келіншектің үстінен әкімшілік іс қозғалып, оған 15 АЕК, яғни 43 755 теңге айыппұл салынған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943770-qaragandyda-eki-qyz-ozderine-eskertu-zasagan-aieldi-uryp-ketti/