RU

Абай шахтасында 6 адам қаза болған апат: Юрий Ильин төтенше жағдайдың себебін айтты

Фото
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қарағанды облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай шахтасындағы төтенше жағдайдың себебін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Комиссия апат болған жерді екі мәрте тексеріп, куәгерлерден, оқиғаға қатысы бар адамдардан жауап алды. Техникалық құжаттаманы зерделеп, бес сараптамалық шағын комиссияның және тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы бойынша метан газының бөліну және тау-кен массасының шығарылуынан газдинамикалық құбылыс салдарынан болған апат деген қорытындыға келді.

"Көмір мен газдың кенет таралуы ықтималдығы жоғары қауіпті қабаттарда тау-кен жұмыстарын жүргізу жөніндегі нұсқаулық" қолданыстағы нормативтік құжатқа сәйкес емес", - дейді министр.

Тергеу жүргізу барасында комиссия бұл оқиға қызметкерлердің жұмыс орнында және жұмыс уақытында еңбек міндеттерін орындау кезінде апат салдарынан болғанын анықтаған. Яғни ол өндірістік жазатайым оқиға ретінде есепке алынады.

Сонымен қатар, комиссия "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қауіпті кәсіпорынның иесі бола тұра, еңбек қауіпсіздігі жағдайын және тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыс орындарында кез келген қауіп-қатердің алдын алуды қамтамасыз етпегені, сондай-ақ, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері мен олардың салдарының алдын алуға және жоюға бағытталған іс-шаралардың толық көлемде жүзеге асырылуын қамтамасыз етпегені үшін жауапты екенін атап өтті.

Сонымен бірге, комиссия апаттың себеп-салдарын жою және осыған ұқсас жазатайым оқиғаларға жол бермеу үшін 37 іс-шара әзірлеген.

Еске сала кетейік, 7 қараша күні сағат 08:24-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Абай" шахтасында метан газы таралды.

Салдарынан алты адам қаза тауып, екі адам зардап шекті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943775-abai-saxtasynda-6-adam-qaza-bolgan-apat-yurii-ilin-totense-zagdaidyn-sebebin-aitty/