Жалған вакцина паспортымен жүрген ел тұрғындары екпе салғыза ала ма

Опубликовано:

Паспорт
Көрнекі фото: NUR.KZ/Юлия Абрамова

Жалған вакцина құжатын жасатқан, бірақ енді шешімін өзгертіп, расымен де иммундалғысы келетін азаматтар екпе салғыза алады. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мәлімдеді, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Алматыда жыл басынан бері екпенің толық курсынан 962 мың адам өтті. Дегенмен әлі де вакцина алсақ па деп ойланып жүрген азаматтар, сонымен қатар жалған құжат жасатып алғандардың да бар екені шындық. Індеттің расымен ауыр екенін түсіне келе, олар қазір бастапқы ойынан арылған көрінеді. Бұл азаматтардың егілуіне қоғамдық денсаулық басқармасы рұқсат етіп отыр.

Ол үшін жергілікті емханаға барып, электронды порталдағы "вакциналанды" деген тізімнен өзін алдыруы қажет.

"Бүгінгі таңда жалған вакцина құжатын жасатқан тұрғындардың емханаға барып, өтініш жазу арқылы екпе салғызуына болады. Біздің тарапымыздан, медициналық мекемелер тарапынан оған ешқандай қарсылық жоқ. Бірақ біз ақпараттық жүйеге сол адам туралы жаңа мәліметті қайта енгізуіміз қажет болады", – деді Лаура Мырзағали.

Дәл осылай жалған анықтама жасатқан тұрғындар №7 қалалық емханаға да өтінім білдіріпті.

Пациенттердің тілегін жерге тастамаған мамандар оларға екпе салған. Қазір жалпы қала бойынша оқушылар мен аяғы ауыр, бала емізетін әйелдерді иммундау жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943963-zalgan-vakcina-pasportymen-zurgen-el-turgyndary-ekpe-salgyza-ala-ma/