RU

"Бюджетті халықтан қорғау министрлігі": Ведомство атауын өзгерту туралы ұсынысқа жауап берді

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) жұмысын сынға алып, ведомствоның атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгертуді ұсынған еді. Осы ұсынысқа қатысты министрлік жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазақстан үкіметінің саясаты әлеуметтік бағдарланған болып табылады. 2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 трлн теңге көзделіп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Смайыловтың премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында келтірген пікірімен мүлдем келіспейді.

Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылардың 42 түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақы төленеді. Олардың мөлшерін белгілеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі (бұдан әрі – ЕТК) және айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) сияқты көрсеткіштер пайдаланылады. ЕТК және АЕК мөлшері инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, жыл сайын белгіленеді. Осылайша, үкімет халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуін болдырмау үшін тұрақты шаралар қабылдауда", - деді ведомство.

Министрліктің мәліметінше, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5 пайызға индексациялау жоспарлануда.

Нәтижесінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 7 пайызға және базалық зейнетақы төлемі 5 пайызға арттады. Тиісті мақсатқа 2,9 трлн теңге қарастырылған. Бұл шара 2,3 млн зейнеткерге қатысты болмақ.

Сонымен бірге, барлық әлеуметтік жәрдемақының мөлшері де 5 пайызға артады. Бұл мақсатқа 1 трлн теңге жұмсалады. Осының арқасында 1,9 млн алушының табысы артады.

"2022 жылы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 3,9 трлн теңге көзделуде. Бұл 2021 жылғы шығыстарға қарағанда 295,4 млрд теңгеге көп және ЕХӘҚМ шығыстарының 92%-ға жуығын құрайды.
Сонымен қатар, ЕХӘҚМ бюджетіне 900 мыңнан астам адам үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге және 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беруге 85,1 млрд теңге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге 22,7 млрд теңге көзделген", - деп хабарлады ведомство.

Осы ретте ведомство жоғарыда келтірілген шығыстар ел бюджетінің төрттен бір бөлігін құрайтынын атап өтті.

"Депутат Смайылов ұсынған жәрдемақылар мен зейнетақыларды "ең төменгі жалақыны 41%-ға еселеп арттыру" бастамасын іске асыруға тек 2022 жылға қосымша 2,4 трлн теңге қажет болады. Бұл қаражат, мысалға, алдағы жылға арналған республикалық бюджеттің білім беру (1,9 трлн теңге) немесе денсаулық сақтау (1,8 трлн теңге) жүйесіне арналған шығыстарынан асып түседі. Осылайша, тіпті денсаулық сақтау немесе білім беру саласын қаржыландырудан бас тартудың өзі зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін арттыру бойынша ұсынысты қамтуға жетпейді.

Депутаттың ЕХӘҚМ қазақстандықтардың еңбек құқықтарын жеткіліксіз дәрежеде қорғайды деген пікіріне қатысты биылғы 10 айда республиканың 847 кәсіпорнында мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақы бойынша берешекті анықтағанын атап өту қажет. Қабылданған шаралардың, соның ішінде берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 20,6 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 4,9 млрд теңге төленді.

Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін ЕХӘҚМ уақтылы әрі толық көлемде орындауда", - деп түйіндеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943972-byudzetti-xalyqtan-qorgau-ministrligi-vedomstvo-atauyn-ozgertu-turaly-usynysqa-zauap-berildi/