RU

"Босанатын жер жоқ": Қызылорда облысында ауруханаға зар болған тұрғындар жанайқайын жеткізді

наразы тұрғындар11
Сексеуіл кентінің тұрғындары/видеодан кадр: Астана арнасы

Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінің тұрғындары жанайқайын жеткізді. Айтуынша, жиырма мыңнан астам халқы бар елдімекенде әбден ескірген ауруханадан басқа, бірде-бір емхана жоқ. Ал үш жыл бұрын басталған емдеу мекемесінің құрылысы аяқсыз қалған, деп хабарлайды Астана арнасы.

Үш жыл бұрын аурухана құрылысы басталғанда сексеуілдіктер қатты қуанған. Бірақ ол қуаныш су сепкендей басылған. Себебі аурухана әлі пайдалануға берілмеген.

Тұрғындардың айтуынша, денсаулығы сыр берген жұрт бүгінде 60 шақырым жердегі аудан орталығына қатынауға мәжбүр.

"Босанатын жер-перзентхана жоқ. Оған да әйелдердің бәрі сандалып көлікпен баруы керек. Жолда көліктің ішінде босанып қалғандары да бар", - дейді Сексеуіл кентінің тұрғыны Ғабит Мырзашев.

Тағы бір тұрғын Оразайып Орынбаевтын сөзінше, бұл мәселе талай рет көтерілген. Бірақ шешімін табар емес.

"Осы талай жерде айтылып жатыр. Талай жерлерде жиналыс болып жатыр. Бірақ, қолға алып жатқан ешкім жоқ", - дейді ол.

40 төсек-орындық аурухананың құрылысы қашан аяқталатынын әкімдік те нақты айта алмай отыр.

"Құрылыс компаниясы жаңағы мердігер компанияны өзіне берілген жұмысты орындамады деп сотқа беріпті. Енді келесі жылға қайтадан қаржыландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені материал қымбаттап кетті ғой", - дейді Сексеуіл кентінің тұрғыны Сәкен Төрешов.

Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, аурухананың құрылысы келесі жылы жалғасады. Бірақ  халық игілігіне қашан берілетіні белгісіз.

А. Данияр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1943993-bosanatyn-zer-zoq-qyzylorda-oblysynda-auruxanaga-zar-turgyndar-zanaiqaiyn-zetkizdi/