RU

БҚО түрмелерінде қанша педофил жазасын өтеп жатыр

Түрме
Көрнекі фото: piqsels.com

БҚО-да кәмелет жасына толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс жасағаны үшін жүзге жуық адам қамауда отыр. Бұл туралы БҚО бойынша ҚАЖД аға инспекторы Әсел Бекбаева айтты, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Өткен жылдан бері педофилдердің жазасы қатаңдатылған. Яғни, сотталушыларға мерзімінен бұрын бостандыққа шығу, рақымшылыққа іліну құқықтары берілмейді.

"Бізде кәмелет жасына толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс жасағаны үшін 111 адам қамауда отыр. Оның 99-ы сотталған, 12 адам тергеу изоляторында. Олардың үкімі заңды күшіне енген жоқ. Олардың біреуіне химиялық кастрация тағайындалған", - деді БҚО бойынша ҚАЖД аға инспекторы Әсел Бекбаева.

Биыл елімізде 50 педофил түрмеден шыққан. Сондай-ақ колонияларда екі мыңға жуық сотталушы жазасын өтеуде.

Телеарна мәліметінше, Оралда алты жасар қыз баланы зорлағаны үшін сотталған 50 жастағы ер адам қамауда отыр. Ол отбасылы, үш баланың әкесі. Сот шешімімен ер адам 18 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сотталушының сөзінше, мұндай қылмысқа баруына ішімдік ішуі себеп болған. Мас болған ол не істеп, не қойғанын білмейтінін айтады. Дегенмен, сот үкімінде зорлықтың бірнеше мәрте жасалғаны көрсетілген.

"Сол күні досыммен көп ішімдік іштік. Біздің жанымызда алты жасар қыз жүрді. Не болғаны толық есімде жоқ. Ол маған ересек қыз сияқты елестеді. Әрине, мен істеген ісім үшін өкінемін. Мұның бәрі қарғыс атқыр арақтың кесірі. Менің отбасым менің осындай жасағаныма әлі де сене алар емес", - деді сотталушы.

Осы ретте құқық қорғаушылар ата-аналарға балаларын мұндай қылмыстан қорғау үшін перзентіне көбірек көңіл бөлуге кеңес береді.

Т. Рудаметова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944045-eresek-qyz-siyaqty-elestedi-oralda-pedofil-6-zasar-qyzdy-qalai-qorlaganyn-aityp-berdi/