RU

"Шашы мен тырнақ еті түсіп жатыр": Дәрігер коронавирус пандемиясы кезінде қандай дерттің өршігенін айтты

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: iStock

Коронавирус инфекциясынан кейін көпшілік шаш пен тырнақ етінің түсетінін айтып, жиі шағымдануда. Сондай-ақ, пандемия кезінде жүрек, бүйрек органдарына, жұқпалы тері ауруларына да шағымданатындар көбейіп кеткен. Бұл туралы тәжірибелі дерматолог, жоғары санатты дәрігер Лейла Амрина мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, карантинге дейін жыныстық қатынас арқылы жұғатын венерологиялық аурулар көп болған. Ал коронавирус пандемиясы кезінде мұндай дерт азайып, жұқпалы тері аурулары көбейген.

"Қазіргі уақытта бізге қышыма, терінің құрғап кетуі, бөртпе, шаш түсу мен тырнақ пластинасының өзгеруі және алақан мен табанға түрлі жаралардың шығуы сияқты шағымдар айтып келетіндер көп. Ал балалар арасында көбінесе басындағы шаштың өскен тұсына шығатын саңырауқұлақ дерті жиі кездесуде.

Коронавирустан кейін жас ерекшелігіне сәйкес әр адамда тері аурулары әрқалай байқалып жатады. Кейбіреулерінде дақ ретінде бөртпе пайда болады. Егер адамда атопиялық және себореялық дерматит, псориаз, безеу сияқты созылмалы аурулар болса, вирустан кейін бұл тек өрши түседі", - дейді Қазақстан-Ресей медициналық университеті дерматовоневрология кафедрасының аға оқытушысы Лейла Қазиқызы.

Пандемия кезінде адамдардың күйзеліске ұшырауы да көптеген сырқатты қоздыруда. Маманның айтуынша, күйзеліс те тікелей тері ауруларына алып келеді. Дәрігер көп адамның аллергияға ұшырағанын айтып, мұның тікелей психосоматикамен байланысты екенін айтты.

"Психосоматика мен тері ауруларының байланысы тығыз. Кейбір адамдардың терісі күйзелістің өлшеуіші, яғни, индикаторы ретінде жұмыс істейді. Күйзелістен кейін дерматологиялық созылмалы аурулар қайталанады немесе аллергияның пайда болуына әсер етеді. Көбінесе атопиялық дерматит, псориаз, гипергидроз, тері бөртпесі, себориялық дерматит, бастың созылмалы қышуы пайда болады.

Сонымен қатар, аллергиялық аурулардың көбеюіне қоршаған орта, бояғыш заттар мен консерванттарды көп қолдануымыз тікелей әсер етеді.

Балалардың дұрыс тамақтануы мен ананың жүкті кезіңде салауатты өмір салтын дұрыс ұстанғанына баса мән беру керек" - дейді дәрігер.

Дерматолог үй жағдайында өз бетімен тері ауруларын емдеуге болмайтынын ескертті. Ол науқастарды тұрғылықты жері бойынша дәрігерге қаралуға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944100-sastary-men-tyrnaq-eti-tusip-zatyr-dariger-koronavirus-kesirinen-qandai-auru-paida-bolatynyn-aitty/