Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Босанғаннан кейін жатырымды алып тастады": Маңызды ағзасынан айырылған алматылық келіншек жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Әйел емханада
Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматы тұрғыны Алина Әбілева босанғаннан кейін жеке клиниканың үстінен түсірген арызы бойынша қылмыстық істің жабылғанына наразы. Келіншектің айтуынша, ақ халаттылар босанғаннан кейін оған кезекті ота жасап, ескертпестен жатырын алып тастаған, ал патологоанатомиялық бюроға жіберілген оның ағзасы ұшты-күйлі жоғалып кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бір жыл бұрын келіншек өзінің және баласының өмірін қатерге тіккені үшін жеке клиниканың үстінен арызданған. Ол 22 қарашада қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы хабарлама алғанын айтуда.

Алинаның сөзіне сенсек, құрсағындағы баласы ірі болғандықтан, дәрігерлер оған кесар тілігін жасауы керек болған, алайда ота жасамай босандырып алуды ұйғарыпты. Келіншек екі күннен кейін ауырсынулармен қайта клиникаға жүгінген екен. Клиникада екінші рет ота жасағанда дәрігерлер маған айтпай, жатырымды алып тастады деп күйінеді ол.

"Денсаулығымда кінәрат жоқтығына қарамастан, әлдебіреу менің ендігі жүкті болып, босана алмайтынымды өзі шешіп, мені мүгедек етіп қойғаны үшін шағымдандым", - деп жазады Алина Instagram әлеуметтік желісіндегі жазбасында.

Екі рет ота жасатқан келіншек денсаулығының қалпына келуіне бір жыл уақыт кеткенін жасырмады. Ол үнемі ауырсынуларға шыдап келгенін, ал алғашқы екі айда тек еңкейген күйде жүру мүмкін болғанын есіне алды.

"Балама қарап, күтім жасай алмайтын күйде болдым. Тағы алты ай өтсе де өздігімнен тұрып та, отыра да, жүре де алмадым - әр қимылым маған ауырға соғатын. Оның үстіне тыныш ұйқыдан айырылдым, көзімді жұмған бойда ота жасайтын бөлме, дәрігерлер, олардың маған жағдайды қалай жеткізгені есіме орала беретін болды", - дейді Алина.

Алина Әбілева бір жылдың ішінде талай рет дәрігерлердің қарауы мен тексерулерінен өткенін, алда тағы бір рет ота жасату қажет болуы мүмкін екенін айтады. Сөзіне сенсек, тергеу наурыз айынан бері жүріп жатыр, осы уақыт аралығында клиника Алинаның ағзасын жеке патологоанатомиялық бюроға жіберіп, ағзасы сол жерде ұшты-күйлі жоғалып кеткен.

"Ең маңызды айғақ белгісіз себептермен "жоғалып кетті", дегенмен Қазақстан Республикасының заңы бойынша олар (ағза - ред.) 5 жыл бойы сақталып, менің өтінішім бойынша немесе Ішкі істер министрлігінің өтініші бойынша ғана берілуге тиіс еді", - дейді Алматы тұрғыны.

Алина тергеу әділетті өтеді деп үміттенуде және ол Алмалы ауданының прокуратурасына арыз жазған.

"Сонымен қатар, заң талабы бойынша адвокатым танысуы қажет іс материалдары маған әлі берілген жоқ. Сондай-ақ, біз Қазақстан заңы бойынша 5 жыл патбюро сақтауға тиіс ағзаларымның қайда кеткенін анықтаймыз", - дейді Алина.

Алматы қаласы полиция департаменті қылмыс құрамының жоқтығына байланысты істің тоқтатылғанын растады.

"Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 317-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Іс бойынша сот-медициналық сараптамасы мен кешенді сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Екі сараптама қорытындысы бойынша дәрігерлердің кінәсі анықталмады. Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", - дейді ведомстводан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944142-bosangannan-keiin-zatyrymdy-alyp-tastady-manyzdy-agzasynan-aiyrylgan-almatylyq-kelinsek-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel