Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлібек Асқар: Басты жетістіктеріміздің бірі – ел шекарасын шегендеуіміз

Опубликовано:

Әлібек Асқар
Әлібек Асқар. Фото: Nur Otan

Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің Елбасы ұсынған "Елдіктің жеті тұғыры" қағидаттарының маңыздылығын талқылауға арналған кезекті отырысында көрнекті жазушы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Әлібек Асқар ел шекарасын шегендеу басты жетістіктеріміздің бірі екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Елбасының "Елдіктің жеті тұғыры" қағидаттарының қай-қайсысы болса да маңызды. Бұл қағидаттардың ішінде жүрегімізге майдай жаққан бір әдемі дүниелер болды. Мен осының үшіншісіне тоқталып өтсем. Осы 30 жылдың ішіндегі басты жетістіктердің бірі – Республикамыздың шекарасын толықтай заңдастырып, бекітуіміз. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9 орында, 15 мың км астам шекарасы бар. Каспий теңізіндегі шекараны есептемегенде, еліміз 5 мемлекетпен шектеседі, соның ішінде алпауыт Ресей мен Қытай елдері.

1992 және 2005 жылдар аралығында 13 390 шақырым құрлық шекара межеленді. Каспий теңізінің түбін бөлу шекара мәселесі тек 2018 жылы Ақтауда өткен V Каспий саммитінде Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан және Иран Ислам Республикалары басшыларының ортақ келісімге келуімен шешілді. Бұл мәселені шешу оңайға соқпады. Жоғары деңгейде 5 кездесу, сыртқы істер министрлерінің 7 отырысы, арнайы жұмыс тобының 52 отырысы, сондай-ақ жағалау елдері сарапшыларының 10 кездесуімен реттелді", – деді жазушы.

Әлібек Асқардың айтуынша, ұзаққа созылған шекара мәселесін бейбіт жолмен халықаралық дәрежеде делимитациялау және сол уақытта көрші елдермен достық пен тату қарым-қатынаста қалу – Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы. Сондай-ақ белгілі жазушы әлемдегі кейбір елдердің шешілмеген шекара мәселесі дауға, қантөгіске алып келгенін де тілге тиек етті.

"Сондықтан, Қазақстанның шекара мәселесін шешудегі ең басты нәтижесі – болашақ ұрпаққа бейбіт және тұрақты шекараны қалдыру. Көрші елдермен қалыптасқан жақсы қарым-қатынасты одан әрі дамыту және ынтымақтастықты ұлғайту. Тәуелсіздігіміздің көк байрағын желбіретіп, ата-бабадан қалған жерімізді, елімізді сақтап, тілімізді тұғырынан тайдырмай, байлығымызды талан-таражға түсірмей, болашақ ұрпақтың алдында ата-бабалық парызымызды адал жалғастыру – бәріміздің басты борышымыз", – деп түйіндеді ойын қаламгер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944171-alibek-asqar-basty-zetistikterimizdin-biri-el-sekarasyn-segendeuimiz/

pixel