"Ата-аналардың келісімінсіз оқушыларды вакцинациялау": Желіде тараған ақпарат жұртты шошытты
Опубликовано:

Әлеуметтік желіде 1-11 сынып оқушыларын ата-аналардың келісімінсіз COVID-19-ға қарсы вакцинациялау туралы бұйрық шыққандығы туралы хабарлама тарап жатыр. Бұл ақпаратты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды, деп жазады Stopfake.kz.
Ведомство мәліметінше , бұндай бұйрық ешқашан болмаған.
"Осы жарияланымға қатысты, кез келген профилактикалық егу, соның ішінде КВИ қарсы вакцинациялау да ата-аналардың ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізілетінін хабарлаймыз. Вакцинациялауға жататын жасөспірімдердің тізімін жоспарлау және жасау процесінде ақпараттандырылған келісім алдын ала жиналады. Осыған байланысты, алдын ала жасалған тізім бойынша вакцинациялауға ата-анасы қол қойған келісімі бар балалар және ата-анасының қатысуымен ғана екпе салдыруға шақырылады", – деп түсіндірді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Оның сөзінше, мектептерде мәжбүрлі вакцинация жүргізіліп жатқан жоқ.
Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің № 36 қаулысына сәйкес оқу мекемелерінде күн сайын кіру кезінде тексеру жүргізіледі.
Мектептің барлық қызметкерлері термометриядан өтіп, кіре берісте қолын санитайзермен өңдеуге міндетті. Сабақ кестесі оқушылар бір-бірімен барынша аз байланыста болатындай етіп жасалады.
Ержан Байтанаев қазақстандықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған күмәнді ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944191-ata-analardyn-kelisiminsiz-oqusylardy-vakcinaciyalau-zelide-tagy-bir-zalgan-aqparat-tarap-zatyr/