Ақмола облысында ер адам дүкен маңында атыс ұйымдастырды

Опубликовано:

Тапанша ұстаған адам
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақмола облысы Жібек жолы ауылындағы дүкендердің бірінің маңында ер адам атыс ұйымдастырды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жайт 28 қараша күні Жібек жолы ауылының маңында болған. Аршалы АПБ кезекші бөліміне ауыл тұрғынынан бұзақылық туралы хабарлама түскен. Анықталғандай, белгісіз біреу тапаншаға ұқсас заттан ауаға оқ атқан.

Сол күні дүкен маңына үш адам отырған көлік келген. Оның біреуі бала. Ер адамдардың бірі немересімен сауда нүктесіне кіріп кеткен, ал баланың әкесі оларды көлік салонында күткен.

Ақсақал мен бала дүкеннен шыққанда бейтаныс азаматқа кезігіп, арада жанжал туындаған. Кикілжіңді көрген баланың әкесі жақындарын көлікке отырғызып, өзі бейтаныс азаматқа бет бұрған.

Ал ол қалтасынан тапанша шығарып, ауаға оқ атқан. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 293- бабы 3- бөлігі "Бұзақылық" бабы бойынша тергеліп жатыр.

Күдікті 23 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. Мамандар қару әскери қаруға жатпайтын RETAY XR маркалы дабылды тапаншасы екенін анықтады. Жігіт жанжалдасқан уақытта мас күйде болмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944415-aqmola-oblysynda-er-adam-duken-manynda-atys-uiymdastyrdy/