Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арыстағы жарылысқа қатысты істің үкімі өзгертілді

Опубликовано:

Үкім
Көрнекі фото: pixabay.com

ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бүгін Арыстағы жарылыс туралы іс бойынша 16 айыпталушыға шыққан үкімді апелляциялық тәртіпте қарауды аяқтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚР Әскери сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін Шымкент гарнизоны әскери сотының үкімімен қорғаныс министрлігі мен әскери бөлімнің жауапты тұлғалары қызметке немқұрайлы қарағаны (ҚР ҚК 453-бабы 2-бөлігі) және оқ-дәрілермен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны (ҚР ҚК 462-бабы 3-бөлігі) үшін кінәлі деп танылған болатын.

Сондай-ақ, әскери бөлім командирі және аудандық пайдалану бөлімінің басшылығы ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) 7 және 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оларға қосымша мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарға орналасуға өмір бойына тыйым салу жазасы тағайындалды.

"Барлығы 16 адам сотталды, оның ішінде 12 адам төрт жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылды, ал 4 адамға қатысты төрт жылдан жеті жылға дейін шартты жаза қолданылды", - делінген әскери соттың баспасөз хабарламасында.

Апелляциялық сатыда адвокаттар өз әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты клиенттерін толық ақтауды сұрады.

Прокуратура 2 адамға қатысты үкімді өзгертуді, олардың бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын нақты бас бостандығынан айыруға ауыстыруды сұрады.

Сот алқасы тараптардың пікірлері мен істің мән-жайларын зерттеп, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертті.

Мәселен, жеті айыпталушы (Ақтанов, Омаров, Бралин, Саржанов, Ниязов, Сәрсенов және Нұрмахамбетов) мерзімнің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотталған төрт адамның іс-әрекеті ҚР ҚК 450-бабының 2-бөлігіне (Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті теріс пайдалану) қайта сараланды.

Қайта саралауға аталған 4 адамға іс бойынша айып тағылған ақша қаражаты сеніп тапсырылмағаны негіз болды.

Бұл әскери қызметшілер әскери бөлімде өрт туралы ескертетін құрылғыларды орнату бойынша жұмыстарды орындау туралы жалған құжаттарды заңсыз ресімдеген, дегенмен іс жүзінде мұндай жұмыстар толық көлемде орындалмаған. Сондықтан 4 әскери қызметшіге бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылдан 7 жылға дейін және мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салумен 7 жылдан 6 жылға дейін төмендетілді. Қалған бөлігінде үкім күшінде қалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944491-arystagy-zarylysqa-qatysty-istin-ukimi-ozgertildi/

pixel