Солтүстік Қазақстанда жаңа туған сәби пневмонияға шалдығып, ауыр халде жатыр

Опубликовано:

сәби
Көрнекі фото: pixabay.com

"Қызыл" аймақтағы Солтүстік Қазақстанда жаңа туған нәресте пневмонияға шалдығып, ауыр халде жатыр. Мамандардың айтуынша, аймақтағы эпидемиологиялық ахуал күрделі, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, өңірде күніне жүздеген адам коронавирус жұқтыруда.

Дәрігерлердің айтуынша, оның тең жартысы төсек тартып жатыр, сондай-ақ, ауруханаға ауыр халде түсетіндер көп. Қазір емдеу орталықтары 40 пайызға толық. Науқастардың арасындағы пневмонияға шалдыққан жаңа туған сәби жансақтау бөлімінде жатыр.

"Біздің облыста жаңа туған нәрестенің ПТР тесті оң болып, оның пневмонияға шалдыққаны анықталды. Бұл бала ауыр мен өте ауыр хәлдің арасында тұр. Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін бар күшін салып жатыр", - деді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов.

Балалар мен жүкті әйелдердің иммунитетін нығайту үшін дәрігерлер осы санатқа жататын 1500-нан астам адамға "Phizer" вакцинасын еккен. Соған байланысты, ауру көрсеткіші алдыңғы күндермен салыстырғанда сәл де болса төмендей бастады дейді мамандар.

"Соңғы екі аптаның ішінде коронавирусты жұқтырудың 1919 фактісі тіркелген. Бұл алдындағы кезеңмен салыстырғанда 5 пайызға төмендеген. Соңғы 7 күннің ішінде ауру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 170 болып отыр", - деді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

А. Құрманкин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944510-soltustik-qazaqstanda-zana-tugan-sabi-pnevmoniyaga-saldygyp-auyr-xalde-zatyr/