Асқар Мамин: Вакцинация қарқыны ұжымдық иммунитет үшін әлі жеткіліксіз

Опубликовано:

Асқар Мамин
Асқар Мамин. Фото: Ақорда

Премьер-министр Асқар Мамин халықты вакциналау жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол елде эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін атап өтті. Стационарлық және амбулаторлық емдеудегі науқастар саны айтарлықтай азайған. "Қызыл" аймақта тек Солтүстік Қазақстан облысы ғана қалып отыр, 5 өңір – "сары" аймақта, 11 өңір – "жасыл" аймақта тұр.

"Басқа елдерде коронавирустың "омикрон" деген жаңа штамының пайда болғанын ескеріп, мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту туралы денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын қолдаймын. Ел ішінде де эпидемиологиялық жағдай үнемі бақылауда болуы қажет, ғимараттар мен көлікте маска кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау жалғасуға тиіс", - деді Мамин үкімет отырысында.   

Премьер халықты вакцинациямен және ревакцинациямен тиісінше қамтамасыз ету қажет екенін мәлімдеді.  

Қазіргі таңда шамамен 8,8 миллион адам вакцинаның бірінші дозасын алды, 8 миллионнан аса адам екінші доза салдырды, бұл ересек халықтың 70,8 пайызы.

"Бірақ бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін әлі жеткіліксіз", - деген Мамин құзырлы органдарға түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944587-uzymdyq-immunitet-usin-ali-zetkiliksiz-mamin-vakcinacilau-zaily-aitty/