"Қасында көңілдесі бар деп ойлаған": Павлодарда әйелімен жанжалдасып, полиция шақырған ер адам ұятқа қалды

Опубликовано:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: signorina.ru

Павлодарда әйелімен жанжалдасқан ер адам полицияға жүгінді. Ол үй есігін ашпаған жұбайын көңілдесімен бірге отыр деп ойлаған. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

44 жастағы ер адам "Торайғыров көшесінде әйелі көңілдесімен бірге пәтердің есігін ашпайды" деген шағыммен полицияға хабарласқан.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жеткізді.

Көрсетілген мекенжайға келген полицейлер пәтерге қоңырау шалғанда есікті жұбайының өзі ашты.

Сол күні ерлі-зайыптылар жанжалдасып, содан кейін әйелі анасына кетіп қалғаны анықталды. Ол күйеуінің телефон қоңырауларына жауап бермей, іздеп келгенде есікті ашпаған.

Өз кезегінде, ер адам әйелінен қалай кек аларын білмей, полицияға қоңырау шалғанын айтты. Күйеуінің мұндай әрекетін жұбайы кешірмей, оны үйіне қайтарып жіберді.

Полицейлер ер адамға алдағы уақытта мұндай қоңырауларға жол бермеу керектігін ескертті. Өйткені, келесі жолы осындай қылығы үшін қолданыстағы заңнама аясында жалған қоңырау үшін жауап беруге мәжбүр болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944593-qasynda-konildesi-bar-pavlodarda-aielimen-zanzaldasqan-erkek-uiine-policiya-saqyrdy/