Цой ДДСҰ басшысынан қазақстандық вакциналарды тіркеуді тездетуді сұрады

Опубликовано:

Тедрос Гебреисус мен Алексей Цой
Тедрос Гебреисус мен Алексей Цой. Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Женевада Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебреисуспен кездесті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарланды.

Министрліктің хабарлауынша, ең алдымен Цой ДДСҰ Еуропалық аймақтық комитетінің 70-ші сессиясына төрағалық етуге шақырылған кезде Қазақстанға көрсеткен қолдауы мен жоғары сенімі үшін ДДСҰ-ға алғысын білдірді.

Сондай-ақ Алексей Цой ДДСҰ басшысына коронавирусқа қарсы қазақстандық вакциналар – инактивтендірілген QazCovid-in (QazVac) вакцинасы және QazCoVac-P суббірлік вакцинасы туралы айтып берді.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы QazVac – мұсылман елдерінде жасалған жалғыз вакцина екенін, оның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы берген халал сертификаты бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Цой 2021 жылдың маусым айында COVID-19-ға қарсы екінші қазақстандық вакцина QazCoVac-P клиникалық сынақтар кезеңінде ДДСҰ-ның вакцинаға үміткерлер тізіміне енгізілгенін айтты.

Осыған байланысты қазақстандық министр ДДСҰ басшысынан қазақстандық вакциналарды тіркеу үдерісін жеделдету үшін қолдау көрсетуді сұрады. Кездесу барысында тараптар КВИ "омикронының" жаңа штаммымен күресу жолдарын да талқылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944597-coi-ddsu-bassysynan-qazaqstandyq-vakcinalardy-tirkeudi-tezdetudi-surady/