"Атын мұсылманша қойдым": Шымкентте бірінші топтағы мүгедек әйел тұңғыш ұлын дүниеге әкелді

Опубликовано:

Зарета Құрманғожинова
Зарета Құрманғожинова: otyrar.kz

Шымкентте ерекше тағдырлы әйел ер баланы дүниеге әкелді. 29 жастағы бірінші топ мүгедегі Зарета Құрманғожинованы қоғам белсенділері перзентханадан салтанатты түрде шығарып алды деп хабарлайды Отырар арнасы.

Денсаулығының әлсіздігіне қарамастан бала босанған батыр ананы қоғам жанашылары гүл шоқтарымен қарсы алды. Барлығы да 29 жастағы Заретананың қайсарлығына тәнті болып, оған қолдау білдіруде. Тумасынан ерекше жаратылған Заретаның өзі толықтай бала бағуға дайын екенін айтады.

"Дәрігерлерге рахмет. Енді балама жақсы тәрбие беру үшін барымды саламын. Алда жоспарым көп. Бұйыртса тек жақсы жетістіктерге жетемін деп ойлаймын. Ұлымның есімін мұсылманша Даниал деп қойдым,- дейді Зарета.

Зарета бірінші топ мүгедегі. Ол тумасынан ауыр дертке шалдығып, екі қолындағы саусақтарынан айырылып, сал ауруына шалдыққан. Бірақ Заретананың өмірге деген құлшынысы ерекше. Сондықтан болар, талай шығармашылық байқауларға қатысып, үлкен жетістіктерге жеткен.

"Зарета жастайынан қоғамдық өмірге белсене араласып, үнемі көңілді жүргуге тырысады. Зарета ешкімге шағымданбаған. Тек үнемі өзін алға жетеліп, өмірдің қиындығына қарсы тұрып келеді", - дейді Заретаның досы Салих Қалиев.

Заретаның алға қойған жоспары көп. Ең бастысы жас ана ұлына барынша қамқорлық танытып, ел мақтанатындай азамат болып өсіруге барын салмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944803-atyn-musylmansa-qoidym-symkentte-birinsi-toptagy-mugedek-aiel-tungys-ulyn-duniege-akeldi/