Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Орысша сөйлей алмаймыз": Бес баласы бар Виталий есімді азамат отбасы тек қазақша сөйлейтінін айтып, ағынан жарылды (видео)

Опубликовано:

Виталий Девивые
Виталий Девивые: Скриншот YouTube

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қаракөл ауылында тұратын Виталий Девивые журналист Айсұлтан Жақыповтың "Кейіпкер" жобасында қонақ болды. Әйелі Натальямен бірге бес бала тәрбиелеп отырған Виталийдің отбасы қазақ тілінде таза сөйлейді. Бүгінде олар шалғайдағы ауылда мал шаруашылығын дамытып отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Өзімнің ұлтым татар. Шешем неміс. Өгей әкем қазақ. Шешеммен бірге үш бала еріп келдік. Бізге қазақтың тәрбиесін берген. Қазақтың дәстүрімен кеткенбіз. Барлығы он баламыз. Көбісі қалаға, жан-жаққа кеткен. Екінің бірі туған жерден көше бермейді. Осы жерде жүретін шығармын. Әкейдің зираты осында. Шешей де осы жерде жатыр. Егіндібұлақтан мектеп бітірдім", - дейді Виталий.

Виталийдің балалары да қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақ ақындарының, Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды.

"Орысша сөйлей алмаймыз. Балаларым да түсінбейді. Әйелім де қазақша бітірген мектепті. Ол орысша біледі, бірақ сөйлемейді. Мен түсінемін, бірақ айтайын десем, жеткізе алмаймын", - дейді ол.

Отанасы Наталья Осипова жолдасымен танысып, бірнеше жыл ата-енесімен тұрғанын айтады.

"Ата-енеммен бірге тұрдым. Кейін бөлек шықтық. Міне, өзіміз үйлі-жайлы болдық. Ертеде әжемнің қолында өскенмін. Сол кісі маған бес балалы боласың дейтін. Айтқаны келді. Құдайға шүкір, бес балам да қасымда", - дейді Виталидің жұбайы Наталья.

Виталийдің отбасы мал шаруашылығымен айналысады. Үлкен ұлы Арман әкесіне көмектесіп, шаруа қожалығын одан әрі үлкейтуді қолға алуда.

Ал қызы Альбина өзі өлең шығарып, Фариза Оңғарсынова мен Құралай Омардың туындыларын сүйіп оқиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1944952-oryssa-soilei-almaimyz-bes-balasy-bar-vitalii-esimdi-azamat-otbasy-tek-qazaqsa-soileitinin-aityp-agynan-zaryldy-video/

pixel