Мысырмен әуе қатынасы тоқтатылғаннан кейін 2800-ге жуық қазақстандық сонда қалып қойған

Опубликовано:

Ұшақ
Көрнекі фото: piqsels.com

Коронавирустың жаңа "омикрон" штамының таралуына жол бермеу мақсатында бүгін Қазақстан Мысырмен уақытша әуе қатынасын тоқтатты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазір ол жақта шамамен 2800-ге жуық қазақстандық бар.

Ведомствоның дерегінше, Мысырда қалған ел азаматтары желтоқсанның 3-10 аралығында "Эйр Астана" және "SCAT" әуе компанияларының рейстерімен елге жеткізіледі.

Рейстердің орындалатын күндері туралы толық ақпарат алу үшін жолаушылар турды немесе әуе билетін сатып алған орынға хабарласуы қажет.

Айта кетейік, жаңа қаулыға сәйкес, Мысырдан келген жолаушылар COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсынан өткеніне қарамастан, ПТР-тест тапсыруы қажет.

Ал оның мерзімі Қазақстан шекарасын кесіп өткен сәттен бастап, 72 сағаттан аспауы тиіс.

Одан бөлек, жолаушылар вакцина алғанына және тиісті анықтамасы барына қарамастан, 7 күнге оқшауланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945104-mysyrmen-aue-qatynasy-toqtatylgannan-keiin-2800-ge-zuyq-qazaqstandyq-sonda-qalyp-qoigan/