"Қолжетімсіз етіп қойды": Қазақстандықтар зейнетақы жинағын алудың жеткілікті шегі өскеніне шағымданып жатыр

Опубликовано:

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың ең төменгі жеткіліктілік шегі өскенін естіп, шағымданып жатыр. Желіде ел тұрғындарының наразы пікірлері пайда болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылдан бастап зейнетақы жинағын алу үшін жеткіліктілік шегі екі есеге жуық өсетіні белгілі болған еді.

Қазақстандықтардың көбі бұл шешіммен келіспейтінін жазуда.

"БЖЗҚ неге біржақты шешім қабылдағанын түсінбеймін? Талқыламай әрі келісімсіз. Негізі, олар бізге қызмет етеді және қаражатты қалай тиімді инвестициялау, оны көбейту туралы ойлауы керек. Немесе бізге ақша аударуға болатын балама қор нұсқасын беріңіздер", – деп жазды Timi лақап атты желі қолданушысы.

Тағы бір желі қолданушысы: "Есептеу әдісінде ештеңе өзгерген жоқ. Неліктен кенет жеткіліктілік шегі екі еселенді?" деп жазады.

"Күткендей ақ болды, алдымен адамдарға пайдалануға берді, адамдар сеніп, бар қаражатын БЖЗҚ-ға аудара бастады, енді олар шекті қолжетімсіз етіп қойды! Жаңа жыл қарсаңында өздеріңізге жақсы сыйақы жасауды ұмытпаңыздар", "Енді бұл да пайдасыз бағдарлама болып шықты", – деп жазды өзге желі қолданушылары.

"20 жаста жеткіліктілік шегіне жету үшін 2 жылда кемінде 3 140 000 жинау керек, солай емес пе? Бұл дегеніміз адамның жалақысы шамамен 600-700 мың теңге болуы керек (бұл ресми дерек). Енді жұмыс берушілерге сұрақ: 18 жастағы жігіт мұндай жалақысы бар жұмысқа тұру үшін не істеу керек?", – деп наразылығын білдірді Yersyn атты желі қолданушысы.

"20 жастағы студентте 3 000 000 теңге зейнетақы жинағы қайдан болсын?!", – дейді аң-таң желі қолданушылары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945130-qolzetimsiz-etip-qoidy-qazaqstandyqtar-zeinetaqy-zinagyn-aludyn-zetkilikti-segi-oskenine-sagymdanyp-zatyr/