"Әдемі емес қыздарға үйленеді": Алматыдағы гимназияда қыздарға әдеттегіден өзге дәріс өтті

Опубликовано:

1
Скриншот: Instagram.com

Алматыдағы мектеп-гимназиялардың бірінде оқушы қыздарға әдеттегіден оғаш презентация көрсетілген. Онда жігіттер қандай қыздармен уақыт өткізіп, қандай бойжеткендермен шаңырақ көтеретіні айтылған. Слайд фотолары әлеуметтік желіде пайда болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Гимназияда ұйымдастырылған дәрісте оқушы қыздарға жігіттер өз-өзіне сенімді, еркін әрі төсек қатынасында тәжірибесі бар, ешқандай комплексі жоқ арулармен уақыт өткізетіні айтылған.

Ал шаңырақ құратындар қыздар ұяң, әдемі емес, бай-қуатты, үй тірлігіне икемді, мейірімді, қамқор әрі ақылды болуы керек, деп көрсетілген слайдта.

Әуезов аудандық білім басқармасы оқиға алматылық гимназиялардың бірінде болғанын растады.

"№132 мектеп- гимназиясында болған жайтқа байланысты айтсам, жыныстық тәрбие жайлы дәрістер жоспар бойынша өткізіледі. Бұл жоспарда жыныстық жетілу жөнінде тарау бар. Мектеп жоспарына байланысты емханамен бірге жыныстық тәрбие жөнінде алдын алу шарасын өткізуді шештік.

Дәрісті №10 емхананың гинекологы мен психологы оқыды. Олар қате жіберді, өйткені - бұл қате түсінік. Мұнда тек дәрігерлердің ғана емес, ұстаздардың да кінәсі бар. Олар презентацияны бірге көру керек еді. Олар көрмеген, түсіндіру жұмысын жүргізбеген.

Бұл факті бойынша мектеп директорымен, директор орынбасарымен және психологпен жұмыстар жүргізілді. Директор өз қызметкерлерін жазалады. Ал директордың өзіне қатаң сөгіс берілді. Алдағы уақытқа мұндай жайттарды бақылауға аламыз", - деді аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Зоя Қойшыбаева.

Оның сөзінше, дәрістер 12 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға өткізіледі. Ұл балалар бұл дәріске қатыспаған. Оларға жыныстық тәрбие жөнінде басқа да сабақтар ұйымдастырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945181-ademi-emes-qyzdarga-uilenedi-almatydagy-gimnaziyada-qyzdarga-adettegiden-ozge-daris-otti/

jitsu gif