"Егілген ағаш қайда": Ақтөбеліктер әкімнен айдаланың не үшін қоршалғанын сұрады

Опубликовано:

Ағаш
Көрнекі фото: piqsels.com

Ақтөбеліктер ауыл іргесіндегі далалық жердің не үшін сыммен қоршалғанын түсінбей дал. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Қопа ауылының тұрғыны Дамир Ысқақов әлеуметтік желіге видео жүктеп,  аудан әкіміне сұрақ қойды. Айтуынша, екі жыл бұрын егіліп, шықпай қалған талдың орны екі күн бұрын қоршауға алынған, деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Мынау Хромтау ауданы Қопа ауылы. Ауылдың іргесіне қоршау салып кеткен. Бұл қоршаудың ішінде не бар деп ойлайсыздар? Бұл жерге тал егілген, ағаш отырғызылған. Енді мына жерден бір ағаш тауып беретін адам бар ма екен? Бұл - біздің қаржыны оңды-солды шашу. Айдаланы қоршап кетті. Өсіп жатқан ағаш жоқ. Мүмкін келесі жылы егетін болар. Осыған аудан әкімі Азамат Бауыржанұлынан ресми түрде жауап күтеміз",- деді Дамир Ысқақов желідегі парақшасына.

Жазба иесіне хабарласып, мән-жайды сұрағанымызда жаз бойы қаңырап жатқан жерге қоршау жұмыстары жақында ғана жүргізілгенін айтты.

"Бұл - менің ауылым. Видеодағы қоршауды екі-үш күн бұрын ғана салды. Ол жерді өткен жылы күзде келіп жыртып кетті. Кейін жидек секілді ағаш екті. Олары шыққан жоқ. Биыл жаздай ол жер қараусыз жатты. Екі-үш күндікте келіп, бос жерді қоршап тұр",- дейді ол.

Аталмыш жағдайды анықтау үшін аудан әкімдігіне хабарласып, 2020 жылы Қопа ауылдық округіндегі 5 гектар жерге 2 400 мың теңге қаражатқа тал егілгенін білдік. Жұмыстар елді мекенде жазда кұм көшкінін, қыста қар тоқтату мақсатында жүргізілген.  Қопа ауылдық округі әкімдігі тарапынан талдарды бақылауға бір жұмысшы бекітілген.

"Егілген тал көктем айында гүлдене бастап, жаз мезгіліндегі қолайсыз күннің ыстық климатына байланысты және жердің құрғақ болуы әсер етіп қурап кетті. Талдар қурап кеткенімен, келесі жылы көктем мезгілінде осы аймақта қайта тал егілетін болғандықтан, арнайы қоршау орнатылып, қоршау жұмыстары толығымен аяқталды. Келесі жылы көктем айында демеушілер және белсенді ауыл жастары қолдауымен талдар егіледі",- деді Хромтау ауданының әкімі Азамат Бекет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945195-egilgen-agas-qaida-aqtobelikter-akimnen-aidalanyn-ne-usin-qorsalganyn-surady/