Қызылорда облысында дәрігерлерге жұмыртқа лақтырған (видео)

Опубликовано:

Видеодан кадр
Видеодан кадр: Үйтолған Жареке/Facebook

Қызылорда облысында ақ халаттыларға жұмыртқа лақтырды. Шиелі ауданында болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Осы ретте бейнежазбаға қатысты әкімдік пен өңірлік полиция департаменті пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға орнында түсірілген видеоны Facebook қолданушысы жария етті. Кадрларда вакцинация мәселесін түсіндіруге арналған шараға қатысқандардың бірі орнынан тұрып, дәрігерлерге жұмыртқа лақтыра бастағаны көрсетілген.

Желі қолданушылары әйелдің іс-әрекетіне наразылық білдірді. Олардың сөзінше, коронавирусты дәрігерлер ойлап тапқан жоқ. Оған қоса, қазір жаңа "омикрон" штамы пайда болды.

Желідегілер мамандар өзінің қызметтік міндетін орындап, тұрғындарға ақпарат беріп жатқанын атап өтті. Көпшілік ауыл тұрғынының қылығын жат санап, оны жауапқа тартуды сұрады.

Жазбаға қатысты Шиелі ауданының әкімдігі пікір білдірді. Ведомство дәрігерлермен бірлесе отырып, COVID-19 індетімен күресу үшін вакцинацияның маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

29 қарашада дәл осындай іс-шара өтіп, бірқатар азамат екпе науқанына көңілі толмайтынын жеткізген. Келушілердің бірі ақ халаттыларға жұмыртқа лақтыра бастаған.

Ведомствоның мәлімдеуінше, әйелдің іс-әрекетіне тек құзырлы органдар құқықтық баға береді.

Қызылорда облысы полиция департаменті Алғабас ауылындағы Мәдениет үйінде болған оқиға бойынша құқық бұзушыға қатысты Әкімшілік кодекстің 434-бабы бойынша (Ұсақ бұзақылық) хаттама толтырылғанын хабарлады.

Материалдар жиналып, сотқа жолданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945199-qyzylorda-oblysynda-darigerlerge-zumyrtqa-laqtyrgan-video/