"Шынымен жаның ашиды": Дана Нұржігіт ауылдардың қазіргі жағдайына күйінді

Опубликовано:

Дана Нұржігіт
Дана Нұржігіт. Фото: парламент сенатының баспасөз қызметі

Ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған парламент тыңдауында депутат Дана Нұржігіт ауылдардың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Айтуынша, 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жоспарында еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіру, 500 мың жұмыс орнын ашу қажет деп жазылған. Осының бәрін жүзеге асыру үшін ауылға жастар келуі керек. Ал қазіргі жастардың ауылға барғысы жоқ.

"Осы жерде отырған барлығымыз – аталарымыз я малшы, я балықшы болған адамдардың ұрпағымыз. Олардан туған келесі ұрпақ басқа мамандық таңдап кетті. Бізден кейін келетін ұрпақ, академик Асқар Жұмаділдаев айтпақшы, компьютер бастылар келе жатыр. Міне, соларды ауылға келсін деп қызықтыратындай не жасап жатырмыз? Маман тапшы, инфрақұрылым я жоқ, я заманға сай емес. Ауылға жастардың барғысы жоқ. "Дипломмен – ауылға бағдарламасынан күткен нәтиже жоқ", - деп қапаланды сенатор.

Дана Нұржігіт ауылдардың өте мүшкіл хәлде тұрғанын ашық айтты.

"Жалпы ауыл жағдайынан, былайша айтқанда қара шаңырақта қалған кенже баланың өте мүшкіл хәлін көріп отырмыз. Сонда біз кімбіз? Аталарымыз бізді өсірді, асырады, аяқтан тұрғызды. Ал енді біз басқа мамандық таңдадық, иә. Енді мойны жар бермей, ауылға тіпті көмектесуге жарамайтын ұрпақ болып отырмыз ба? Шынымен жаның ашиды", - дейді ол.

Осы ретте депутат ұлттық экономика министрінен ауылды көтеру үшін, жаңа буынды тарту үшін қандай шаралар атқарлып жатқанын сұрады.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2025 жылға дейін ұлттық жобалар аясында ауылдарды дамыту үшін мемлекеттік бюджеттен 1,3 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл қаражат әлеуметтік инфрақұрылымға, жол салуға, сумен қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталады.

"Осының арқасында 2025 жылға дейін ауылдарда 550 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылады. Ауыл шаруашылық саласына 6,8 триллион теңге инвестиция тартылды. Бұл ауылдардың дамуына серпін береді, еңбек өнімділігі артады. Сонымен қатар, жалақы да өседі", - дейді министр.

Сондай-ақ, айтуынша, ауылда жұмыс істейтін жастарды қолдау шаралары да қабылданып жатыр. Қазіргі таңда ауылда жұмыс істейтін жастарға 25% үстемеақы төленеді. "Дипломмен –  ауылға" жобасы аясында бүгінге дейін 36 мыңнан астам маман баспаналы болған. 77 мың маман көтерме жәрдемақы алған.

"Білім министрлігімен бірлесіп, келешекте мемлекеттік грант алу кезінде ауылдық квотаны 35 пайызға дейін арттырамыз", - деген Ерғалиев осы салада басқа да шаралар қарастырылатынын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945241-synymen-zanyn-asidy-dana-nurzigit-auyldardyn-qazirgi-zagdaiyna-kuiindi/