Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Іссапарға кетерде күйеуіме шұлығын дайындап кетемін": Журналист Гүлмира Әбіқай келіндік міндетін қалай атқарады

Опубликовано:

Гүлмира Әбіқай
Видеодан кадр: Youtube/ADYRNA ULTTYQ PORTALY

Танымал журналист Гүлмира Әбіқай "Керек кісі" жобасына берген сұхбатында ел алдындағы қызметі мен келіндік міндетін қалай үйлестіретінін әңгімелеп берді. Журналист бес жыл өзімен бірге тұрған енесімен қалай тіл табысқанын да сөз етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Дау-дамайсыз" бағдарламасының жүргізушісі Гүлмира Әбіқай сұхбатта ене мен келін тақырыбына қатысты пікір білдірген. Журналист осы орайда өзінің қандай келін екенін айтуды жөн көрді.

"Мен соңғы бес жыл бойы енеммен тұрған келінмін. Дәл осы "Дау-дамайсыз" бағдарламасы басталып жатқан кезде, ана жақта келіндердің мәселесін шешіп, мына жақта күйеулердің мәселесін, жер мәселесін, жесір дауында жүріп, келіндік міндетімді атқардым. Міндетімді ұмытпауым керек. Мен "халықтың мәселесін шештім" деп, үйімде күйеуім сатал-сатпақ болса, балаларымның шашы кір, енемнің алдында тамақ жоқ, бәрі шашылып жатса, менің келіндігімнен не пайда?! Мен іссапарға кететін кезде үйге бес күнге азық-түліктің бәрін толтырып, жартылай дайын, пісіре салатын, қуыра салатын тағамдарды жасап кетемін. Қызымның бес бантигін, жолдасымның бес шұлығын, галстугін дайындап кетемін. Анау жақта жесір дауын шешіп отырып, жолдасыма кездесулерін телефон арқылы ескертіп отырамын. Енеме де "үйде асып жейтін ет тұр" деп айтып, хабарласып қоямын. Әйел әлемді ұстаушы, әлемнің қулығын да, ақылын да, мейірімін де, бүкіл әлемнің құдіретін ұстайтын әйелдер. Оны маған ешкім үйреткен жоқ. Мен өзім сондай бір шешім қабылдадым. Біз неше түрліні көреміз. Телевидениеге жылап келеді, не сенсация жасап келеді, не көтеріліс, не дау болады. Егер мен соның бәрін үйге арқалап келсем, ол кімге керек? Мен анамын, келіншекпін. Мен үйдің есігін ашқан кезде жарқыраған келіншек болып келуім керек. Бітті, бүкіл проблеманы, жылағандарды ұмытып, үстімнен ысырып тастаймын. Күйеуіме жарқырап келуім керек, балаларға мейірімді болып келуім керек. Біздің бас қосқанымызға 17 жыл болды, егер мен міндетсініп келетін болсам, отбасымыз мұнша сақталмас еді", - дейді жеке өмірінен түйгенін бөліскен журналист.

Гүлмира Әбіқай енесімен қарым-қатынасы қандай болғанын сөз етті.

"Енем былтыр марқұм болды. Көп жыл ауылда тұрды, қыздар апасының қолында өсті. Мектепке баратын кезде алдық. Қызымызды бағып берді, енді әкел демейміз ғой әжесіне. Қазақта ол жүрегін жұлып алу боп саналады. Ол апасының қызы ғой. Сондықтан апасына қызымен бірге көшіп келіңіз деп, "көрегенділік таныттық". Жылдар бойы ауылда тұрды, енді тек қана ол кісіні күтуіміз керек дедік. Шынымды айтсам ол кісімен сырласып, кейбір келіндер айтатындай құрбы сияқты араласпадым. Ол кісі тұйықтау болатын. Бізде дистанция болды. Бірақ күнде ішетін шайымыз бір, оразамыз, ауызашарымыз бір болды, жақсы тіл табыстық. Кейде өзінің жастық шағынан әңгімелер айтатын. Бәлкім қыздарына айтпаған сырын айтқан да шығар деп ойлаймын. Енемнің батасын алдым", - дейді журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945256-issaparga-keterde-kuieuime-sulygyn-daiyndap-ketemin-zurnalist-gulmira-abiqai-kelindik-mindetin-qalai-atqarady/

pixel