"Ақша үшін күйеуге беріп жатыр": Үндістандық құқық қорғаушылар қыздардың тағдырына алаңдап дабыл қақты

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Үндістандық полиция қызметкерлерін әйел тағдыры алаңдатып отыр. Олар "әйел теңдігі парламент деңгейінде талқылану қажет" деген пікірде. Белсенділердің пікірінше, соңғы уақытта қыз-келіншектерге зорлық-зомбылық көрсету жиілеген, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Телеарна дерегінше, Үндістан – әлемде әйел құқықтары ең көп тапталатын елдің бірі. Мұнда шарттық неке басым. Тіпті, соңғы уақытта жас қыздарды күштеп күйеуге беру жиілген.

Деректерге көз жүгіртсек, әлемде бала арасындағы некенің үштен бірі осы мемлекетте тіркеліп отыр.

"Карантиннен миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Салдарынан балалар отбасын асырау үшін көше кезіп, оқуларын тастауға мәжбүр болды. Ата-аналары қыздарын ақша үшін күйеуге ерте беріп жатыр", - дейді құқық қорғаушы Сандеш Тала.

Телеарнаның мәліметінше, кейде тіпті елде ақылға симайтын оқиғалар тіркеледі. Мысалы, Одиша штатында 17 жастағы жігіт ата-анасы таңдап берген жарын бірнеше айдан кейін өзге еркекке смартфонға сатып жіберген.

Ал қайын жұртына "әйелім отбасылық өмірден шаршап, өз еркімен кетіп қалды", деп айтқан.

"Біз оның өтірік айтып отырғанын бірден түсіндік. Менің сіңілім мұндай әрекетке бармайды. Сондықтан шұғыл полицияға хабарластық. Оны сатып алған отбасы бергісі келмей, үйге әзер қайтардық", - дейді жапа шеккен қыздың туысы Аша Мангенштар.

Қазіргі уақытта бұл істі тәртіп сақшылары тергеп жатыр. Күйеу бала абақтыға қамалған. Ал құқық қорғаушылар елде осыған ұқсас тағы қанша оқиға бар-жоғын анықтауға кіріскен. 

Алдағы уақытта барлық ақпарды парламентке жолдап, үкіметтен әйел құқықтарын қорғауды күшейтуді талап етпек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945501-aqsa-usin-kuieuge-berip-zatyr-undistandyq-quqyq-qorgausylar-qyzdardyn-tagdyryna-alandap-dabyl-qaqty/