Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бес баламен бәріне үлгеруге болады": Шымкенттік келіншек қазақ әйелдерінің басты мәселесін атады

Опубликовано:

Айгерім Сейітханова
Айгерім Сейітханова: https://www.instagram.com

Шымкенттік ана Айгерім Сейітханова - қыз-келіншектер арасында танымал блогер. Бес балалы келіншек аналарға арналған пайдалы жазбаларын үнемі жариялап отырады. Келіндік міндетін атқарып, бес баласын бағып, оған қоса, табыс тауып отырған ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Сондай-ақ, ол өзінің туған аймағына қатысты стереотиптерге де назар аударуды ұмытқан жоқ.

"Менің мамандығым – мұғалім. Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетте оқытушымын. Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты демалыста отырмын. Бірақ қазір ешкім декретте құр бос отырмайды. Бала бағумен қатар, бірқатар істі алып жүретін қазақ әйелдері көбейіп келеді. Бұл қуанатын жағдай. Өзімнің бес балам бар. 21 жасымда тұрмыс құрып, содан бері отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығын жолдасыммен біре көріп келеміз", - дейді ол.

Айгерімнің айтуынша, бес баламен де бәріне үлгеруге болады. Бастысы – өзіңе ұнайтын іспен айналысу қажет.

"Әлеуметтік желіде блог жүргізу маған қатты қиындық тудырмайды. Әрине, кейде үлгермейтін кездер болады. Бірақ жалпы алғанда, бәріне үлгеруге мүмкіндік бар. Декретке шыққанға дейін екі жоғары оқу орнында сабақ беретінмін. Таңнан кешке дейін жұмыста болсам, кешке үй шаруалары күтіп тұратын. Қазір маған бұрынғыдан оңайырақ. Балаларымның қасында отырып-ақ, сүйікті ісіммен айналысамын", - дейді блогер ана.

Оңтүстік аймақта туып-өскен Айгерім Дәулетбекқызы шымкенттіктерге қатысты айтылатын стереотипке де жауап берді. Әсіресе, ол Шымкентте келінді қатты жұмсайды деген ойға қатысты да пікірін бөлісті.

"Мен өзім оңтүстіктің тумасы болған соң, шымкенттіктер жайлы айтылатын түрлі сөздерге бірқалыпты қараймын. Мүмкін, басқа өңірден Шымкентке келін болғанымда қиындықтар кездесетін бе еді? Жалпы, қай өңірде болсын отбасының берекесін сақтағысы келетін әр қазақ әйеліне үлкен төзім мен ақыл-парасат керек деп ойлаймын. Ал жұмсау -жұмсамау деген сондай қиын мәселе емес. Келіндік міндетін қалтқысыз атқаратын таныстарым көп", - дейді ол.

Әңгіме арасында Айгерім өзінің басты табыс көзіне және қазіргі аналарды мазалайтын сұрақтарға тоқталды.

"Блог жүргізерде үлкен табыс табуды мақсат қылған емеспін. Халықты алдап-арбайтын дүниелерді қанша ақша ұсынса да жарнамаламаймын. Соңғы бір жылда жүкті немесе жүктілікті жоспарлап жүрген қыз келіншектерге БЖТ төлеп, декреттік төлем алуды үйретемін. Блогымда 90% жүктілік пен ана болу жайлы тақырыптар қозғалатындықтан, ана мен балаға қатысты түрлі хаттарын жолдайды. Қыз-келіншектермен арнайы чатта да сөйлесіп тұрамыз.

Жас аналарды мазалайтын проблеманың басым бөлігі - ақшаның жетіспеушілігі мен енелерінің бала бағудағы әдістеріне көңіл толмауы. Көпшілігі босанудан кейінгі депрессиядан отбасында келеңсіздіктер туындап жүргені жайлы айтады. Күйеулерінен қолдау күтеді.

Дәл қазір өзім көріп жүрген қазақ келіншектеріне көңілім толады деп толық айта аламын, себебі, өте көп ізденеді. Барлығына үлгеруге тырысады, осындай өмірсүйгіш қазақ келіншектеріне тек алға дегім келеді", - дейді Айгерім Сейітханова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945563-bes-balamen-barine-ulgeruge-bolady-symkenttik-kelinsek-qazaq-aielderinin-basty-maselesin-atady/

pixel