Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі тарихшы Талас Омарбеков дүниеден озды

Опубликовано:

Талас Омарбеков
Талас Омарбеков. Фото: anatili.kazgazeta.kz

Қазақтың көрнекті тарихшысы, зұлмат жылдардың ақтаңдақ беттерін ашып, бүгінгі ұрпаққа қаз қалпында жеткізген ғалым Талас Омарбеков дүниеден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Талас Омарбеков 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Ақжар ауылында өмірге келген.

1971 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетін тәмамдап, қызмет жолын Жамбыл облысының Жуалы және Байзақ аудандарында тарих пәнінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі ретінде бастаған.

Талас Омарбеков қазақ қауымына Мұхамед Хайдар Дулати мұраларын, орта ғасырлардағы тарихи тұлғаларды ұлттық көзқараста зерделеп, қазақ тарихын кезеңдеудің теориялық-методологиялық мәселелері бойынша іргелі пайымдар жасаған зерттеуші ретінде белгілі.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда сталиндік тоталитарлық жүйенің орнығу салдарын барынша батыл зерттеген алғашқы қазақ тарихшыларының бірі болды.

Одан бөлек, ғалым өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы байларды тәркілеу, күштеп ұжымдастыру саясатының зардаптарын ашық көрсетіп, сол тарихи кезеңде орын алған халық наразылықтарына жаңа тарихи көзқарас қалыптастырған.

Оның артында "Қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күшпен ұжымдастыру", "20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті" (1997), "ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселері" (2001), "Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас" (2004) сияқты іргелі еңбектері қалды.

Тарихшы көз жұмар сәтіне дейін "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау" жөніндегі ұлттық комиссияның құрамында белсенді жұмыс істеп, ұлт-азаттық сипаттағы көтерілістер мен қозғалыстардың нақты санын тұрақтандыруға атсалысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945584-belgili-tarixsy-talas-omarbekov-duniden-ozdy/

pixel