Зейнетақы қорынан ақша алуға асыққан атыраулықтар банкке ағылды

Опубликовано:

Атырау қаласы
Фото: Алматы телеарнасы

Келер жылдан бастап зейнетақы қорынан алатын қаражатқа қол жетпей қалуы мүмкін деп дүрліккен атыраулықтар дереу құжат тапсыруға кіріскен. Көпшіліктің басты мәселесі тұрғын үйге қатысты болғандықтан, олар қаражат кұюды "Отбасы банкі" арқылы рәсімдеуді жөн санапты. Алайда мекеме әкімшілігі соңғы бір аптада тұтынушылар санының күрт өскенін айтады. Бұл қызмет көрсету сапасына да әсер етпей қоймаған көрінеді, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.   

2022 жылдан бастап зейнетақы қорынан ақша алу мүмкіндігі азаятынын естіген тұрғындар тездетіп құжаттарын рәсімдеуге кіріскен. Осылайша, баспана алу үшін "Отбасы банкіне" келушілер қатары күрт көбейіпті.

"Не істеп жатқанын білмеймін, 1,5 сағаттан бері әлі отырмыз. Осылай жүргеніме 2 күн болды", – дейді қала тұрғыны Бақтыгүл Саназарова.

"Телефон соқсаңыз, көтермейді. Сосын амалсыздан осылай өзіміз келдік. Мұнда қаншама халық жүр", – дейді тағы бір тұрғын Майра Құдаева.

"Атымдағы зейнетақы қорынан ақшамды алып, қызымның жалға алған үйінің қарызын жабайын деп едім. Сол үшін осында келіп тұрмын. Мұндай кезек бар екенін білгенім жоқ", – дейді келесі бір тұрғын Амантай Жаубаев.

Зейнетақы қорындағы өзгерістерді естіген тұрғындар жыл соңына дейін қаражатын оңтайлы пайдаланғысы келетіндерін алға тартады. Бәрін бірдей қабылдап үлгере алмағандықтан, қаржы ұйымының әкімшілігі қызметкерлер санын көбейтіп, штаттан тыc тағы 80 адамның демалыссыз жұмыс істейтінін жеткізді.    

"Бұл операцияны жүзеге асыру үшін оларға арнайы шот аштыру керек. Сол себепті азаматтар мерзім бойынша үлгеру мақсатында банкке келіп жатыр. Қазіргі таңда банкке келген азаматтар саны көбейді. Жалпы залда 10 менеджер отырып еді, қазір 4 менеджер қосып жатырмыз. Сонымен қатар штаттан тыс 80 кеңесші бар", – деді "Отбасы банк" филиалы директорының орынбасары Нұрболат Батыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945781-zeinetaqy-qorynan-aqsa-aluga-asyqqan-atyraulyqtar-bankke-agyldy/