Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2021 жылы қазақстандықтардың өмірі қалай өзгерді

Опубликовано:

Алматы
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Биыл Қазақстанда біраз өзгеріс болды. Елдің көңілін күпті қылған мәселелер де аз емес. Бұл туралы Sputnik Қазақстан көлемді ақпарат ұсынды.

Зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік берілді

Жылдың басында қазақстандықтар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік алды. Он айдың ішінде 500 мыңға жуық адамның өтініші бойынша оң шешім шығарылды. Ал зейнетақы қорынан 1,9 триллион теңге аударылды. Осы мүмкіндікті пайдаланған адамдардың көбісі үйді ипотекасыз сатып алды, қалғаны бұрынғы кредитін ішінара жауып, басқалары алғашқы жарна ретінде құйған. Зейнетақы жинағына үй салғандар да бар.

Әуелі зейнетақы жинағын нақты үш мақсатқа жұмсауға рұқсат берді. Олар:

  • тұрғын үй жағдайын жақсарту;
  • емдеу шаралары;
  • сенімгерлік басқару.

Артынан зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану аясын кеңейтуге қатысты ұсыныстар түсті. Тіпті, арнайы бұйрықтар да қоғамдық талқылауға шығарылды. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты тағы бір нақты тапсырма берді. Оған сәйкес, шекті сомадан асатын ақшаны Отбасы банкінің есепшотына аударып, ары қарай жинай беруге болады. Бұл бастама 2022 жылы іске асады. 

3 желтоқсанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры келесі жылдан бастап "жеткіліктілік шегінің" көтерілетінін мәлімдеді. Мәселен, биыл 35 жастағы азаматтар үшін шекті мөлшер 2 940 000 теңге болса, 2022  жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі.

Ұжымдық иммунитетке жақындап қалдық

Ақпан айында республика бойынша коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Бас кезінде екпе салу науқанының қарқыны жақсы болған. Алайда артынан баяулап кетті. Содан жергілікті билік пен кәсіпкерлер сан алуан акциялар ұйымдастыруға кірісті. Мәселен, астанада екпе алғандардың арасында пәтер ойнатылды. Ұялы телефондар мен тұрмыстық техника таратылды. Вакцина алатындардың саны көбейсе де, ұжымдық иммунитетке жете алмадық.

Жазғы демалыстан кейін бас мемлекеттік санитар дәрігер тағы бір қаулы шығарды. Осы құжатқа сәйкес, вакцина алмаған адамдарға жұмысқа шығуға шектеу қойылды. Екпе салдырмаса, ПТР-тестің оң нәтижесін көрсету керек. Осы шешімнен кейін вакциналауға баратындардың саны күрт көбейді.

Бүгінде вакцинаның екі бірдей дозасын алған қазақстандықтардың саны 8 миллионнан асты. Ұжымдық иммунитетке жетпесек те, республика бойынша ревакцинация басталды. Бала емізетін әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға вакцина салынып жатыр.

Оқушылар мектепке оралды

Биыл оқушылар мектепте сабақ оқи бастады. Басында аралас оқу форматы енгізіліп, тек 9,11 және 12 сыныптар ғана партаға қайта отырды. Ал жаңа оқу жылынан бастап барлық оқушы дәстүрлі форматқа ауысты.

Бірінші сынып оқушыларына "Әліппе" таратылды. Үшінші тоқсаннан кейін олар "Ана тілін" оқиды.

Қазақстанда қашықтан білім беру заңды түрде бекітілді. Енді ауа райының қолайсыздығынан сабақ болмаса, онлайн режим іске қосылады.

Ал мектеп директорлары жаңа жүйе бойынша тағайындалатын болды. Бұдан былай  конкурсты аудандық білім бөлімі емес, облыстық білім басқармасы өткізеді. Кандидат міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, тиісті сертификатын алуға тиіс. Педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болуы шарт.

"Аңсаған сәби" бағдарламасы басталды

Биыл президенттің тапсырмасы бойынша "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске қосылады. Соның аясында экстракорпоральды ұрықтандыруға берілетін квотаның саны 7 мыңға дейін өсті. 

Қазіргі кезде республика бойынша 11 мыңнан астам әйел бедеулікпен есепте тұр.

Бүгінде "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында бөлінген 7 мың квотаның көп бөлігі игерілді. Бағдарлама аясында 40-тан астам бала дүниеге келді.

Банктің "қара тізімінен" 490 мың адам шықты

Мамыр айында президент микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеуге қатысты маңызды бір заңға қол қойды. Оған сәйкес, кредит тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқартылды. Осылайша, қарызын төлеген, бірақ базада қалып қойған адамдар "қара тізімнен" ерте шығарылады.  

Сонымен қатар, елімізде коллекторлардың қызметін реттейтін түзетулер де қабылданды.

Енді оларға коллекторлық агенттікке тіркелмеген, бөтен адамдардың телефон нөмірінен борышкерлерге хабарласуға тыйым салынады. Одан басқа, агенттіктер борышкермен сөйлесудің кез келген процесін бейне және аудио түрінде жазбаға түсіруге міндеттеледі. Осылайша, бұл норма коллекторлардың борышкермен дөрекі сөйлесуіне немесе заңнаманы бұзуына жол бермейді.

Зейнетақы мен жәрдемақы

Биыл зейнетақының мөлшері 7 процентке өсті. Осылайша, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 18 524 теңгеге жетсе, ең төменгі зейнетақы 40 441 теңгеден 43 272 теңгеге дейін көтерілді. Бұдан бөлек, 1 сәуірден бастап ай сайынғы төлемді есептеу әдістемесі өзгерген болатын.

Қазақстанда жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Оны I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдар алады. Ал мүгедек бала ата-анасынан айырылса, оған өз жәрдемақысынан бөлек асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақы да қоса төленеді.

Жылдың басында мұғалімдер жалақысы тағы 25 процентке өсті. Дәрігерлердің еңбекақысы кезең-кезеңмен артады. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай ақ халаттылардың еңбекақысы шамамен 550 мың теңгені құрайды. Бірақ коронавируспен күреске тартылған дәрігерлердің үстемеақысын алып тастады.

Ал мемлекеттік қызметшілер арасында жалақы төлеудің балдық-факторлық шкаласы енгізілді. Ондай жұмыстың нәтижесіне қарай айлық та көп беріледі. Мәселен, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жалақысы 1,9 коэффицентке артып, 1 миллион 800 мың теңгеге дейін жеткен.

Қымбатшылық

Биыл қымбатшылық қатты сезілді. Алдымен теміржол билеттерінің бағасы көтерілді. Одан кейін электр энергиясы қымбаттады. Артынан картоп мен сәбіздің жыры басталды. Бір келісі 500 теңгеге шарықтап кетті. Артынан біртіндеп түсе бастады. Сол кезде ауыл шаруашылығы министрі қымбатшылықтың себебін түсіндіруге тырысқан. Алайда Маңғыстау облысында мал қырылғаннан кейін президент оған отставкаға кетуге кеңес берді.

Сапархан Омаров министр креслосын босатса да, азық-түлік арзандаған жоқ. Ресми мәліметке сәйкес, биыл Қазақстанда инфляция рекордтық көрсеткішке – 8,5 процентке жетті.  Ұлттық банк төрағы Ерболат Досаевтың айтуынша, келесі жылы қымбатшылық 4-6 процентке дейін төмендейді. Ал 2025-2026 жылдары 3-4 пайыз деңгейінде болады. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біраз жұмыс жасау қажет. Онсыз азық-түлік арзандаймайды. Жылдың соңына қарай газ бен бензин қымбаттай бастады. Баспана бағасы ұшты. Теңге де құнсызданып барады.

Ashyq-тың машақаты

Қазақстандықтар "Ashyq" қосымшасына әбден үйренді. Бас кезінде халық төрт түрлі түске наразы болса да, артынан оған да бейімделді. Кейбір қалаларда автобусқа да QR-кодпен кіргізген.

"Ashyq" іске қосылғанда "жасылдар" мен "көктердің" дәурені жүріп тұрды. Олар ешбір шектеусіз барлық нысанға кіріп жүрген. Ал вакциналау қарқыны үдеген сайын "көктердің" еркіндігі шектеле бастады. Бүгінде олар ірі сауда орталықтарына кіре алмайды. 

Жалпы, биыл Қазақстанның эпидемиологиялық матрицасы мың құбылды. Қалалар мен облыстар біресе "сары", біресе "жасыл" аймақта тұрды. Ал тамыз айында барлығы дерлік "қызыл" аймаққа кіріп кетті. Содан шектеу шаралары да күшейді. Бірақ жылдың соңына қарай эпидемиологиялық жағдай түзеле бастады. Тіпті, той-домалақ өткізуге рұқсат берді.

Дегенмен соңғы кезде коронавирустың "омикрон" штамына байланысты алаңдаушылық күшейді. Қазақстанда бірқатар елден адам кіргізуге тыйым салынды.

Ақылы жолдар көбейді

Қазақстанда ақылы жолдар ұзарды. Қараша айында тағы жеті учаске іске қосылды.

Олар:

  • Нұр-Сұлтан – Павлодар;
  • Шымкент – Өзбекстан шекарасы (Ташкентке қарай);
  • Щучье – Көкшетау;
  • Қапшағай –  Талдықорған;
  • Шымкент – Тараз;
  • Тараз –  Қайнар;
  • Шымкент – Қызылорда.

Ақылы жолдардың тарифі өзгерген жоқ. Жолақы автокөлік түрі мен бағдар ұзақтығына қарай төленеді. Мысалы Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолымен жүретін жеңіл автокөліктер 380 теңге төлесе, автобустар үшін жолақы 1 870 теңгеден 5 610 теңгеге дейін, ал жүк көліктері үшін 1 870 теңгеден 9 380 теңгеге дейінгі аралықта болады.

Салық пен баспана

Биыл шотты бұғаттауға мүмкіндік бермейтін салық берешегінің шекті мөлшері бекітілді. Ол 6 АЕК немесе 17 502 теңгені құрайды. Салық қарызы осы сомадан төмен болса, шот бұғатталмайды. Ал берешек 6 АЕК-тен асып кетсе, салық органдары банк шоттары бойынша операцияларды уақытша тоқтатуға құқылы.

Қыркүйек айында Алматы әкімдігінің бастамасымен арнайы меморандум рәсімделді. Оған қаржы нарығын қадағалау агенттігі, банктер мен қоғамдық ұйымдар қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, ипотека алған әлеуметтік осал топтарды соңғы баспанасынан шығару және үйді сату шаралары тоқтатылады.

Темекі шегетіндердің көңілі күпті

Жылдың ортасында темекі өнімдерін дүкен сөрелерінен алып тастады. Заң бойынша ондай өнімдерді ашық көрсетуге тыйым салынды. Тіпті, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекіні қыздыруға арналған жүйелер, қыздырылатын темекісі бар заттар да көзге ілінбеуі шарт. Темекінің бағасы да өсті.

Ал қазан айында денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті никотині бар өнімдерге қатысты техникалық регламентті әзірледі. Оған сәйкес, Қазақстан нарығына ашық түрдегі электронды тұтыну жүйелерін, ауыстырылатын контейнерлер мен ашық түрдегі никотинді, сондай-ақ никотинсіз сұйықтық құюға арналған ыдыстарды шығаруға жол берілмейді.

"Қазақстан нарығына бір рет пайдаланылатын электронды темекі шығаруға жол берілмейді", - делінген бұйрықта.

Бұдан бөлек, электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтарды қаптамасыз айналымға шығаруға тыйым салынады. 21 жасқа толмағандарға электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтар сатылмайды.

Цифрлық телевизия

Осы жылы Қарағанды облысы мен  Нұр-Сұлтан қаласы толығымен цифрлық телевизияға көшті. 2018 жылдан бері Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы мен Шымкент қалаларында ескірген телехабар тарату жүйесі толығымен жойылды.

Ал цифрлық телевизияға көшкен соң телеарналар саны көбейеді. Сонымен қатар, сурет пен дыбыстың сапасы жоғары болады. "Аналогтан" айырмашылығы кескін үзілмейді, дыбыс жоғалмайды әрі цифрлық телевизия мүлдем тегін.

Цифрлық телевизияға DVB-T2 сандық тарату стандарты бар теледидарды қосуға болады. Ол үшін тек дециметрлік антенна қажет. Теледидар DVB-T2 стандартын ұстамаса, онда цифрлық сигнал қабылдағышын сатып алу қажет.

Рақымшылық жарияланды

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланып отыр. Заңға сәйкес, оған ардагерлер, кәмелетке толмағандар, жасы үлкендер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдар ілігеді.

Осылайша 2 292 сотталушыға және пробациялық бақылауда жүрген 11 753 адамға рақымшылық жасалады. Соның нәтижесінде 1 мың адам қамаудан шығып, 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Ал 1330 сотталушының және пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады.

Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеуде жатқан 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Соның ішінде 1674 адам қылмыстық жауаптан босатылады. 1471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады. Шетелдің түрмесінде отырған бір қазақстандық да рақымшылыққа ілігіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945788-2021-zyly-qazaqstandyqtardyn-omiri-qalai-ozgerdi/

pixel