"Сыз тартқан үйге оралғым келмейді": Жақында үшем босанған жас ана сәбилерімен бірге пневмонияға шалдықты

Опубликовано:

Ардагүл Әскербек
Фото: Ардагүл Әскербектің жеке мұрағатынан

Жақында дүниеге үшем әкелген 26 жастағы талдықорғандық журналист сәбилерімен бірге ауруханаға түсті. Келіншектің сөзінше, олар сыз тартқан үйінде пневмонияға шалдыққан, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ардагүл Әскербек 25 қазанда босанды. Жас ана шала туған сәбилердің жағдайы қалыпқа келгенше ұзақ уақыт перзентханада дәрігер бақылауында болып, жақында ғана үйіне шыққан. Алайда сыз тартқан салқын үйде өзі де, нәрестелері де ауырып, қуанышы су сепкендей басылыпты.

бөлме
Фото: Ардагүл Әскербектің жеке мұрағатынан

"Үшем дүниеге келмес бұрын жатын бөлмемізді кеңейткенбіз. Күн суытқанда бөлмеміз ылғал тартып, қабырғасы көгеріп кетті. Соның салдарынан өкпемізге суық тиіп, қазір ауруханада жатырмыз. Ол үйге қайта барғым келмейді. Өйткені үшемдер шала туған, әлі де әлсіз. Қайта ауыртып алам ба деп қорқамын", - дейді көпбалалы ана.

бөлме
Фото: Ардагүл Әскербектің жеке мұрағатынан

Айта кетейік, Ардагүл Әскербек 26 жасында алты баланың анасы атанып отыр. Ол көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұр. Еліміздің заңнамасы бойынша келіншекке әзірге күтуге тура келеді.Оларға баспана тек кезегі келгенде беріледі.

"Үй алу үшін міндетті түрде ауырып немесе есік тоздыру керек шығар. Былайша бермейтін сияқты", - дейді үйден үмітін үзген келіншек.

Еске сала кетейік, әріптесіміз Алматы облысы Балпық би ауылының тұрғыны. Бұдан бұрын оның ауылдан Талдықорғанға қатынап жұмыс істегенін жазған болатынбыз. Ардагүл Әскербек сұхбатта өзінің көпбалалы ана болатынын білсе де, қаладан баспаналы болу үшін үкіметтің жеңілдіктерін алуға алдын-ала қамданбағанын айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1945852-syz-tartqan-uige-oralgym-kelmeidi-zaqynda-usem-bosangan-zas-ana-sabilerimen-birge-pnevmoniyaga-saldyqty/